Сауран ауданында этнос және зиялы қауым Жолдауға қолдау білдірді
Сауран ауданындағы «Қамқорлық» орталығында этнос және қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері бас қосып Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауын көпшілік болып талқылады. Оған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров та қатысты. Жиынды аудандық«Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық филиалының басшысы Арсылан Раматуллаев ашып, еркін форматта өткізіліп отырған кездесудің қонақтарымен таныстырды. «Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Бұл жолдау халықты жасампаздыққа жетелейтін тарихи жолдау болды», - дей келіп, алғашқы сөзді аудан әкіміне берді.
- Мемлекет басшысының бұл жолдауы – елімізде кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан ауқымды әрі маңызды реформалардың жалғасы. Жалпы соңғы бес жылдағы Президент жолдаулары бір-бірімен біте қайнасып жатыр. Өткен жылы бастау алған саяси жаңғыру жұмыстары үлкен экономикалық өзгерістерге ұласты. Бұл жолдаудың жөні бөлек. Себебі, Президент осы Жолдауында елдегі экономикалық, әлеуметтік дамудың таяу жылдардағы эволюциясын айқындап берді. Ол заңды да. Өйткені халықтың тұрмыс сапасы, берекелі өмір сүруі экономиканың дамуымен тікелей байланысты, - дей келіп, аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ауданда бүгінгі күнге дейін атқарылған инвестициялық жобалардың барысына тоқталды.
Өңір басшысының айтуынша бүгінгі күні Сауран ауданында «Өндірістік парк» құрылысы жүргізілуде. Өндірістік парк 30 гектар алқапты құрайды. Онда 42 ғимарат салу жоспарлануда. Жалпы өндірістік парктің құны 13 миллиард теңгені құрайды және оның құрылысы аяқталғанда 1 теңге бюджеттік қаржыға шамамен 7,5 теңге жеке инвестиция тартылуы күтілуде. Қосымша 70 гектар жер телімі анықталып, ұлғайту жоспарлануда. Ауқымды құрылыс «Түркістан» әлеуметтік корпорациясы және жеке инвестор есебінен жүргізілуде. Маңызды жоба 3 кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде 10 ғимараттың құрылысы аяқталып, 23 мың шаршы метр қолданысқа берілді. Бір ғимараттың жалпы ауданы 1584 шаршы метрді құрайды. Бүгінгі таңда 6 жоба іске асырылып 30,7 миллиард теңгеге инвестиция тартылған және 550 жаңа жұмыс орындары құрылуда.
Қазіргі уақытта Өндірістік алаңында жұмыс істеп жатқан бірқатар кәсіпкерлер бар. Елімізде алғаш ашылған су үнемдеу технологияларын енгізіп, жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осында орналасқан. Жалпы инвестиция құны 11,1 миллиард теңгені құрады. Бүгінгі таңда 100 адам жаңа жұмысқа орналасқан.
Сондай-ақ инвестиция құны 3,1 миллиард теңгені құрайтын «Aqniet Holding» ЖШС мектепке арналған жиһаздар мен медициналық жиһаздарын, инвестициялық құны 10 миллиард теңгені құрайтын украиналық «UBC Group» компаниясы өнеркәсіптік тоңазытқыштарды өндіретін кәсіпорны парк аумағында өз жұмыстарын бастап жатыр. Бұдан бөлек, медициналық өнімдер, бөлме аралық есіктер және тағы басқа өнімдерді шығаратын кәсіпорындар да жұмысын бастауда.
Ауқымды құрылыстың екінші кезеңінде осы жылы жалпы аумағы 25 мың шаршы метр болатын 12 ғимарат салу жоспарлануда. Аталған ғимараттарға инвесторлар іріктелініп алынды, құрылысы аяқталған соң 1000 жаңа жұмыс орны ашылады (инвестиция құны 32,3 млрд.тг) деп күтілуде. Ал үшінші кезеңде, 2025 жылы 14 ғимаратты іске қосу жоспарланып отыр. Ауданда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың көптеген кәсіпкерлерді қызықтырып отырғаны анық. Осы жобалардың барысымен таныстырған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров осының барлығы Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған мәселелер екенін жеткізді.
Жиын барысында сөз алған аудандық өзбек-этно мәдени бірлестігінің төрағасы Құрманбай Рысбеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оразбек Әміреев, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Жұманова, «Әжелер алқасының» төрайымы Райхан Полатов Президент Жолдауына қолдау білдіріп, өз пікір ұсыныстарымен бөлісті.
- «Бірлік - береке бастауы» демекші, елдің бірлігін ұйыстыруда сіздердің көмектеріңіз қажет. Ауызбіршілігіміз мықты болса, берекеміз молаяды. Өздеріңізге қарасты ауылдарда елді ынтымақ, бірлікке шақыруда, жастар тәрбиесіне қатысты мәселелерді алға тартып, насихат жұмыстарын жүргізуге ықпал етсеңіздер. Алдымызда көптеген жоспарлы жұмыстар күтіп тұр. Ауданның экономикасын көркейтіп, халықтың әл-ауқатын көтеру кезек күттірмейтін мәселе, - деді Мақсат Асылбекұлы.
Жиын барысында түрлі бағытта жастар тәрбиесі, той мәдениеті, елді ынтымаққа шақыруда ауызбіршіліктің болуы тағыда басқа көптеген мәселелер айтылды.