Түркістан: туристік бағыттардың жол картасы әзірленді

Oinet.kz 26-09-2024 25

1.jpg 

Түркі әлемінің рухани астанасы әрі биыл Түркі әлемінің туристік астанасы деп жарияланған Түркістанда туризмді қарыштап дамыту үшін ауқымды жобалар қолға алынуда. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан өңірін туристік бағытта жандандыру үшін арнайы жол картасы әзірленді. Онда негізгі 6 тарау қарастырылған. Атап айтқанда, туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, «Open Turkistan» мен аудан, қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру мәселелері қамтылған. Осы және өзге де жобалар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте таныстырылды. Өңір басшысы туристік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

– Нақты іске көшетін кез келді. Туризмді дамыту бағытындағы жұмысты жүйелеңіздер. Жол картасындағы әрбір тапсырма орындалуы тиіс. Түркістанды қолөнершілер орталығына айналдыру жолдарын қарастырылсын. Бұл – нақты тапсырма. Гастротуризм, этнотуризм және өзге де тармақтары бойынша жұмысты назарға алып, нақты ұсыныс беріңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында Түркістан облысының туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов баяндама жасады. Оның айтуынша, аталған жол картасын орындау нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысымен ішкі туристердің санын 25%-ға, шетелдік туристердің санын 2,5 есеге, туризм саласындағы қызмет көлемін 30%-ға жеткізу күтілуде. Өңірдегі танымал туристік орындар мен нысандар жүйеленіп, дамиды. Осыған байланысты, әлеуеті жоғары 10 туристік нысан таңдалып алынған. Туристік нысандардың ақпаратын жаңарту және әдістемесін дайындаудан бөлек, гид-экскурсовод қызметінің сапасын арттыру қаралып отыр. Туристік қызмет көрсетушілер (такси, электрокар, шырақшы) үшін бірыңғай қызмет көрсету қағидасы әзірленіп, туристік субъектілердің қызмет көрсету сапасы көтеріледі. Әзірленген біркелкі брендке сәйкес түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында жарнама, туристік операторлар мен агенттіктермен жұмыс, нысандардың 3Д фотоларын интернет порталдарына орналастыру жоспарлануда. Туристік өнімдер санын арттыру және күшейту, сондай-ақ ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру көзделген. Жол картасында орталық қызметін монетизациялауға басымдылық беріледі. Тарихи нысандарды күтіп ұстау да басты назарда. Туристерге қазақтың ұлттық тағамдары мен ою-өрнектері, қолөнер бұйымдары ұсынылады.

Биыл, жалпы туризм саласы бойынша облыс аумағында жалпы соммасы 37 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Өткен жылы облыстың туризм саласына 53,5 млрд. теңге инвестиция тартылды. Медиа алаңдар мен әлеуметтік желілерде Түркістан облысының туристік әлеуеті жайлы ақпараттар мен жан-жақты материалдар таратылуда. Түркістанға келетін халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру мақсатында Венгрияның «Wizz Air» авиакомпаниясымен бірлескен жұмыс нәтижесінде іске қосылған «Түркістан – Әбу-Даби (БАӘ)» әуе бағыты бойынша рейстердің саны артады.

Айта кетейік, Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай және ашық аспан астындағы өзіндік мұражай болып саналады. Облыс аумағында 1780 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Сондай-ақ облыста 229 орналастыру орны (қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерлері) және 75 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. Бұдан бөлек облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи объект орналасқан. Олар – ЮНЕСКО биосфералық объектілерінің тізіліміне енгізілген «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі.


Сауран ауданында этнос және зиялы қауым Жолдауға қолдау білдірді
Түркістан: Әкім орынбасары жеке қабылдау өткізді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу