Демеушілер ауруханаға оттегі концентраторын табыстады
Қиын кезеңде қазақ халқы бір-біріне демеу болған ел. Бүгінде елімізде кең етек жайған жаман індетпен күресуде қайырымды жандар қолдарынан келген барлық көмекті жасауда. Айталық ауруханалардағы науқастарға жасанды тыныс беру мақсатында арнайы құрылғылардың қажеттігі туындағанын естіген еріктілер жанашырлық танытып, ауруханаларға оттегі концентраторларын тегін жеткізуде.
Күні кеше Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қорының көмегімен Түлкібастағы орталық ауруханаға оттегі концентраторы табысталды. Дәрігерлер мен науқастар демеушілердің бұл көмегіне ризашылықтарын білдіруде.
Айта кетері, соңғы тәуліктерде республикада коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиологиялық ахуал күрделенді. Көптеген өңірлер «Қызыл аймаққа» өтті. Түркістан облысы әзірге «Сары аймақта». Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Облыста қазіргі уақытта шектеу шаралары күшейтілді.
Ауру жұқтырған науқастар санының күрт көбеюі бірінші кезекте медицинаға, науқастарды емдейтін дәрігерлерге қосымша салмақ түсіреді. Осындай қиын сәтте демеушілердің берген көмегін өте сауапты іс деуге болады. Ел жанашырлары осындай қиын сәтте сыналса керек.
Түлкібастағы осындай игі іс өзге аудан, қалаларда да жалғасын табуда.