Кәсіпкерлерді санитарлық талапты сақтауға шақырды
Қала әкімдігіне қарасты кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Г.Даханова кәсіпкерлерді санитарлық талапты сақтауға шақырды.
Түркістан қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқарманың басшысы Марат Байтүгеловтың төрағалығымен семинар-тренинг өтті. Жиынға «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалының кеңесшісі Ә.Исабеков, қала әкімдігіне қарасты кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Г.Даханова келіп, тақырып аясында өз көзқарастарын білдірді. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету, жаппай тағамдық уланудың алдын алу мақсатында өткен жиынға шаһардағы мейрамхана, тойхана және дәмхана иелері қатысып, көкейдегі сауалдарын қойды.
«Тамыз-қазан айы аралығында санитариялық талаптарға сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алмай жұмыс істеген 8 қоғамдық тамақтану нысандары тексеріліп, Түркістан қаласы мамандандырылған әкімшілік сотына жолданып, қаралды. Сот қаулысымен әрбір нысанның кәсіпкерлік субъектісіне 25 АЕК яғни, 63 125 теңге көлемінде, жалпы 505 мың теңге айыппұл салынды», – деді басқарма басшысы М.Мұхтарұлы.
Жалпы, аталған нысандарда ерекше және жоспардан тыс тексеру жүргізу барысында қоқыс жинауға арналған контейнерлер, қол жуу үшін ыстық судың жоқтығы және қажетті ыдыстардың болмауы мен өнімнің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттың алынбауы жиі анықталған. Сонымен қатар, тағамдық өнімдерді сақтайтын қойма қалыпты ауа ылғалдылығы температурасын өлшеуге арналған бақылау-өлшеуіш аспаптар мен құралдардың, тоңазытқыштың жоқтығы мен той иелерінің дастарқандық мәзірлерді үй жағдайында дайындап алып келу сынды жайттар да кездескен. Дегенмен, мамандар бұл олқылықтардың алдын алу үшін жұмысты ширатып, нәтижеге қол жеткізуді көздеп отыр.