Көне жәдігер VІ-VII ғасырларға тән ат әбзелдері көрмеге қойылды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласында: "Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі" - деп атап, атқа міну мәдениеті, жылқыны қолға үйрету қазақ даласынан ұлы далаға таралғанын жеткізді.
Осы орайда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Қазандық бөлмесінде «Ұлы даланың жеті қыры» атты ауыспалы көрме ашылды. Аталмыш көрмеге көне жәдігерлердің бірі VІ-VII ғасырларға тән ат әбзелдері қойылды. Көрме экспозициясына атқа міну мәдениетіне байланысты қойылған ең құнды мұраның бірі болып саналатын жәдігер туралы Тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Тұяқбаев пікір білдірді.
- Бұл жәдігер 1979 жылы Күлтөбеде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде VI-VII ғасырларда көмілген аттың қаңқасымен бірге табылған. Жылқы ауыздық мен үзеңгі сынды әбзелдерімен қойылған. Дәл осындай жәдігерлер Ташкент, Самарқан, Алтай өңірлеріндегі бес жерден шыққан. Бұл түркілердің жауға да, жолға да сенімді серігін қадір тұтқан қасиетін білдіреді. Табылған үзеңгі тат басқанымен өз қалпын сақтап қалған. Бүгінгі көрмеден тамашалап отырғандарыңыз да сол жәдігер болып табылады - дейді тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Тұяқбаев.
Сондай-ақ, шара барысында қазақ даласының көне жәдігерлері саналған XIX ғасырға жататын таға мен қаусар және X ғасырдағы ат әбзелдері сынды 30-дан аса жәдігерлермен қатар, байырғы металлургия, аң стилі, алтын адам, түркіліктің түп-төркіні, Ұлы Жібек жолы торабы, қыр гүлі - қызғалдақ, алма жайлы суреттер де қойылып, тарихы таныстырылды. Жалпы, көрмені және ондағы құнды жәдігерлерді таныстыру бір айға дейін созылмақ.