Елбасы «Керуен-Сарай» таңғажайып қалашығын аралады
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған ғылыми конференцияда жасаған баяндамасында: «Түркістанды облыс орталығы жасаймыз. Бұл той – Түркістанды орталыққа айналдырудың басы» - деп атап, Түркістанның танымастай өзгеретінін айтқан болатын.
Міне, Түркістан облыс болғалы үш жыл ішінде ажарлана түсті. Оң өзгерістер орын алып, қаланың даму деңгейі біршама өсті. Туристерді тартатын үлкен кешендер ашылды. Соның бір көрінісі, «Керуен-Сарай» көпфункциялы туристік кешені.
Бүгінде, Түркістанның көркін ашқан кешенлі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары барысында аралады.
Аталмыш кешен Түркістан шаһарындағы таңғажайып нысандардың бірі. Қазақстандық Венеция.Жалпы ауданы 117,6 мың шаршы метрді алып жатқан керемет қалашықта «Жібек жолы» дәуірінен сыр шертетін саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «Ұшатын театр», ат ойындарын өткізетін амфитеатр, шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақүйлер мен мейрамханалар, SPA және фитнес орталық, отбасылық ойын-сауық орталығы бар. Келген туристер мен қонақтар кешен ішін қайықпен аралай алады.
Тұңғыш Президен "Керуен-Сарай" көпфункциялы туристік кешенін аралау барысында «Алтын Самұрық» ұшатын театрына барып, театрландырылған судағы шоуды тамашалады. Сонымен қатар, Елбасының келуіне орай «Қыз қуу» театрландырылған қойылымы сахналанды.