Елбасы озық технологиямен жабдықталған көпфункциялы білім беру кешенін аралады
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында: "Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді" - деп, білімге ұмтылу бүгінгі заманның талабы екенін атап өтті.
Осы орайда, Түркістанда қазіргі заман талабына сай жабдықталып, заманауи технологиялармен қамтамасыз етілген "Farab Library" ғылыми әмбебап кітапханасы ашылған болатын. Елбасы гүлденген шаһарға жасаған жұмыс сапары барысында аталмыш кітапханаға ат басын бұрды.
Тұңғыш Президент кітапханадағы сирек кітаптар мен манускриптер бөлімін көріп, роботтандырылған техника зертханасының жұмысымен танысты.
«Farab Library» кітапханасы – заманауи құрылғылармен және озық технологиямен жабдықталған көпфункциялы білім беру кешені. Бұл жерде 480 мың кітапқа арналған кітап сақтау орны, цифрландыру, консервациялау және реставрациялау зертханасы, 400 адамға арналған дәріс залы, көрме атриумы, FabLab цифрлы шеберханасы, музыкалық зертхана, фото және видеотүсірілімге арналған мультимедиа залы, 3D модель жасайтын проекция залы, каллиграфия және қыш өнері студиясы, конференция өткізуге лайықталған залы бар коворкинг, компьютер сыныбы, сирек кітаптар мен манускриптер залы орналасқан.