«Айқын нәтиженің» көрсеткіші жақсы

Oinet.kz 05-10-2026

image.png

Шымкент қаласында  қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында полиция, прокуратура және басқа да жауапты органдардың бірлескен шаралары нақты проблемалық учаскелерге бағытталған. Мұндағы мақсат – құқық бұзушылық жасалғаннан кейін әрекет етумен шектелмей, оның алдын алуға мүмкіндік беретін жағдайларды ертерек анықтау.

Осы бағыттағы жұмыстар «Айқын нәтиже» республикалық жобасы аясында да жалғасуда. Жоба шеңберінде қала аумағындағы қылмыстық ахуалға талдау жүргізіліп, құқық бұзушылық жиі жасалатын 101 орын мен 3 қараусыз қалған ғимарат анықталды. Бұл учаскелер бойынша қауіпсіздік шараларын күшейтуге басымдық берілді.

Проблемалық аумақтарда бейнебақылау жүйелері орнатылып, жарықтандыру мәселелері реттелуде. Сонымен бірге полицияның патрульдік бағыттары қайта қаралып, қызметкерлердің қауіпті учаскелерде болу жиілігі арттырылды. Мұндай шаралар құқық бұзушылыққа қолайлы жағдайлардың алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қабылданған профилактикалық шаралардың нәтижесінде бірқатар қылмыс түрі бойынша төмендеу байқалады. Атап айтқанда, отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар 17%-ға, тонау 40%-ға, интернет-алаяқтық 34%-ға, жол-көлік оқиғалары 26%-ға азайған.

2026 жылдың 9 айындағы көрсеткіштер де құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарының нәтижесін көрсетеді. Қалада тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны 7,5%-ға төмендеді. Қылмыстардың ашылу көрсеткіші 68%-дан 72%-ға дейін өсті. Осы кезеңде ұрлық 27%-ға, пәтер ұрлығы 29%-ға, ұялы телефон ұрлығы 31%-ға азайған.

Қоғамдық тәртіпті сақтау тек полиция қызметкерлерінің жұмысына байланысты емес. Құқықтық талаптарды орындау, қауіпсіздік ережелерін сақтау және құқық бұзушылыққа бейжай қарамау тұрғындардың да ортақ жауапкершілігін қалыптастырады. Сондықтан профилактикалық жұмыстарда нақты учаскелермен қатар, азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға да көңіл бөлінеді.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ оларды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мәселелері қала прокуратурасының тұрақты бақылауында. «Айқын нәтиже» жобасы аясындағы жұмыстар да осы міндеттерді жүйелі түрде орындауға бағытталған.

Шетелдік студенттерге заң талаптары түсіндірілді
Рейдтік іс-шара өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу