Шетелдік студенттерге заң талаптары түсіндірілді

Oinet.kz 05-10-2026

image.png

Шетелдік азаматтардың Қазақстан аумағында белгіленген тәртіпті сақтауы – қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Осыған байланысты үшінші мегаполисте шетелдік білім алушылар арасында көші-қон заңнамасының талаптарын түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Мұндай кездесулер студенттерге өз құқықтары мен міндеттерін жақсы түсінуге мүмкіндік береді.

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Шымкент қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері шетелдік білім алушылармен ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді. Қазіргі таңда университетте 10-нан астам мемлекеттен келген 2 341 шетелдік студент білім алуда. Әртүрлі елдерден келген жастардың Қазақстан аумағында заң талаптарын білуі олардың оқу және күнделікті өмірдегі қауіпсіздігі үшін маңызды.

Кездесу барысында Қазақстанда болу тәртібіне қатысты негізгі талаптар түсіндірілді. Атап айтқанда, көші-қон есебіне тұру, уақытша тіркеуден өту, визалық талаптарды сақтау, сондай-ақ қажетті құжаттарды белгіленген мерзімде рәсімдеу мәселелеріне назар аударылды. Полиция қызметкерлері студенттерге құжаттарының мерзімін бақылап, көші-қон рәсімдеріне қатысты талаптарды уақытында орындаудың маңызын жеткізді.

Сонымен қатар заң талаптарын бұзған жағдайда қарастырылатын жауапкершілік түрлері түсіндірілді. Көші-қон тәртібіне немқұрайлы қарау, тіркеу мерзімін өткізіп алу немесе қажетті құжаттарды белгіленген тәртіппен рәсімдемеу құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сондықтан шетелдік азаматтардың өз мәртебесіне қатысты талаптарды алдын ала біліп, тиісті рәсімдерді уақытында орындауы қажет.

Мамандар студенттердің сұрақтарына жауап беріп, қандай да бір мәселе туындаған жағдайда құзырлы мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібін де түсіндірді. Бұл өз кезегінде шетелдік білім алушылардың еліміздегі құқықтық ортаға бейімделуіне ықпал етеді.

Көші-қон талаптарын сақтау – тек құжаттарды рәсімдеу мәселесі емес, елдегі құқықтық тәртіптің ортақ талаптарын орындаудың бір бөлігі. Осы ретте ақпараттық кездесулер шетелдік студенттердің құқықтық сауатын арттырып, ережелермен таныстырып, заң бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Заң - барлығына ортақ!

Еңбекші ауданында тазалық талаптарының сақталуы бақылауда
«Айқын нәтиженің» көрсеткіші жақсы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу