Еңбекші ауданында тазалық талаптарының сақталуы бақылауда

«Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттары бірін-бірі толықтырып тұр. Өйткені тазалық әр аула, көше, қоғамдық орындардағы тәртіптен басталады. «Таза Қазақстан» қағидаты тазалықты сақтау мен қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауды күнделікті өмір салтына айналдыруға бағытталған.
Шымкентте «Таза Қазақстан» іс-шарасы аясында бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып келеді. Еңбекші ауданында аумақтың тазалығын сақтау және абаттандыру талаптарының орындалуын бақылауға бағытталған рейдтік-профилактикалық шаралар ұйымдастырылуда. Полиция қызметкерлері қоғамдық орындар мен тұрғын үйлердің аулаларын аралап, белгіленбеген жерге қоқыс тастау және абаттандыру қағидаларын бұзу фактілерінің алдын алуға басымдық беріп отыр.
Соңғы он күнде жүргізілген жұмыстар барысында аудан аумағында 100-ге жуық құқық бұзушылық анықталған. Әрбір жағдай бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Рейдтің мақсаты тек құқық бұзған азаматтарды анықтаумен шектелмейді. Мұндай жұмыстар тұрғындарға белгіленген талаптарды түсіндіруге және тазалыққа немқұрайлы қараудың жауапкершілігі бар екенін ескертуге де бағытталған.
Қоқысты белгіленбеген жерге тастау немесе абаттандыру талаптарын сақтамау бір қарағанда ұсақ мәселе болып көрінуі мүмкін. Алайда мұндай әрекеттер аула мен қоғамдық кеңістіктің санитарлық жағдайына, қоршаған ортаның тазалығына әсер етеді. Сондықтан ортақ аумақты таза ұстау тек коммуналдық қызметтердің жұмысы емес, тұрғындардың да күнделікті міндетіне айналуы қажет.
«Таза Қазақстан» бастамасы осы жауапкершілікті қоғамдық әдетке айналдыруды көздейді. Аулаға, көшеге немесе басқа да ортақ орындарға ұқыпты қарау – қоғам мүшелерінің бір-біріне деген құрметінің белгісі. Ал белгіленген тәртіпті сақтау қаланың жайлылығы мен қауіпсіздігіне ықпал етеді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың құқықтары мен міндеттерін білуімен қатар, ережелерді орындауға жауапкершілікпен қарауды көздейді. Осы ретте Еңбекші ауданындағы рейдтік жұмыстар тұрғындарға тазалық талаптарын сақтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салуда.
Шымкент қаласы Полиция департаменті тұрғындарды қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, қоқысты арнайы белгіленген орындарға тастауға және қала аумағына ұқыпты қарауға шақырады.


