Жас сақшыларға заң мен тәртіптің маңызы түсіндірілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Заң мен тәртіп» қағидаты әр азаматтың санасында берік орнығуы керек деген болатын. Бұл ұстанымды жас буынға түсіндіру, бойына сіңіру, олардың құқықтық сауатын арттыру да маңызды бағыттардың бірі.
Осыған орай Шымкент қаласында жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Қала мектептеріндегі «Жас сақшы» сыныптарының оқушыларына полиция қызметкерлері арнайы дәрістер өткізіп, заң талаптарын білу мен оны сақтаудың күнделікті өмірдегі маңызына тоқталды.
Кездесу барысында оқушыларға құқықтық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылыққа жол бермеу және қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстау мәселелері түсіндірілді. Әсіресе кәмелетке толмағандардың жауапкершілігіне, өз әрекетінің салдарын алдын ала бағалай білуіне назар аударылды. Мамандар жасөспірімнің кез келген құқық бұзушылыққа немқұрайлы қарауы кейін өзіне және айналасындағы адамдарға кері әсер етуі мүмкін екенін жеткізді.
Профилактикалық дәрістің тағы бір бағыты – буллингтің алдын алу. Оқушыларға қатарластарына қысым көрсету, кемсіту, қорқыту немесе әлеуметтік желі арқылы әдейі жағымсыз әрекеттер жасауға жол берілмейтіні айтылды. Қандай да бір қысымға немесе қорқытуға тап болған жағдайда мәселені жасырмай, ата-анаға, мұғалімге, тиісті мамандарға хабарлаудың маңызы түсіндірілді.
Интернет қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде жеке мәліметтерді жарияламау, бейтаныс адамдармен сақтықпен байланысу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз файлдарды жүктемеу қажеттігін ескертті. Цифрлық ортада жасалған әрекеттің де құқықтық салдары болуы мүмкін екені айтылды.
Кездесу кезінде оқушылар полиция қызметінің бағыттарымен танысып, құқық қорғау органдары мамандарының қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі міндеттері туралы ақпарат алды. «Жас сақшы» сыныптарының жұмысы жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастырумен қатар, тәртіпке, жауапкершілікке және азаматтық ұстанымға тәрбиелеуге бағытталған.
Заңды білу ғана емес, оның талаптарын күнделікті өмірде сақтау, өз құқығы мен міндетін түсіну – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды шарты дейді сала мамандары.


