Арнайы автокөлік алаяқтықтан сақтануға шақырады

Шымкентте интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыттағы шаралар азаматтардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін күшейтіп, алаяқтық әрекеттерге жол бермеуге бағытталған. Құқық қорғау органдары тұрғындарға интернеттегі қауіптің түрлерін түсіндіріп, күмәнді әрекеттерге тап болған жағдайда сақтық танытудың маңызын жеткізуде.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші ауданы полиция басқармасының қызметкерлері қала тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қала көшелерінде LED-экранмен жабдықталған арнайы автокөлік арқылы интернет-алаяқтықтың кең тараған тәсілдері туралы бейнероликтер көрсетілуде. Көрнекі ақпаратта алаяқтардың азаматтарды алдау үшін қолданатын әдістері мен олардың құрбаны болмаудың жолдары қамтылған.
Мамандардың айтуынша, қаскөйлер көбіне банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе басқа да белгілі ұйымдардың өкілі ретінде танысып, азаматтарды асықтыруға тырысады. Мұндай жағдайда телефон арқылы келген ақпаратқа бірден сенбей, оның шынайылығын тексерген жөн. Әсіресе белгісіз нөмірлерден түскен қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бергенде абай болған дұрыс.
Тұрғындарға күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс қосымшаларды жүктемеу, банк картасының нөмірі, CVV коды және SMS арқылы келген растау кодтарын бөгде адамға айтпау қажеттігі және бөтен нөмірлерден келген хабарламаларға жауап бермеу керектігі түсіндірілуде. Сондай-ақ интернет арқылы тауар немесе қызмет сатып алғанда төлем жасайтын ресурстың қауіпсіздігіне көз жеткізу маңызды.
Интернеттегі құқық бұзушылықтардың алдын алу тек полицияның емес, әр азаматтың жауапкершілігіне де байланысты. «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, адамдардың өз құқықтары мен жеке деректерін қорғауына саналы көзқарас қалыптастыруды көздейді. Сондықтан цифрлық кеңістіктегі қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау алаяқтықтың алдын алудың тиімді жолдарының бірі болып отыр.
Полиция тұрғындарды интернет кеңістігінде қырағы болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және жеке мәліметтерін қорғауға шақырады. Кез келген күдікті жағдайға тап болған жағдайда тиісті органдарға дер кезінде хабарлау да құқық бұзушылықтың жолын кесуге мүмкіндік береді.


