Балалардың құқығы назарда

«Әділет» партиясы Шымкент қаласында балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға арналған Ашық есік күнін өткізді. Қалалық филиалға көмек пен кеңес алу үшін жиырмаға жуық азамат жүгінді. Өтініштердің басым бөлігі медициналық қызмет көрсету сапасы, әлеуметтік қолдау және инклюзивті білім беру мәселелеріне қатысты болды.
Азаматтарды «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов, сондай-ақ қаланың тиісті басқармалары басшыларының орынбасарлары Құдайберген Қалдықараев пен Айман Оспанова қабылдады.
Қабылдау барысында қала тұрғындары жүйелі шешімді қажет ететін бірқатар мәселені көтерді. Қала тұрғыны Мөлдір Нақыпова целиакия диагнозы қойылған екі баласын тәрбиелеп отырғанын айтып, оларды емдік тағаммен қамтамасыз ету мәселесі бойынша көмек сұрады.
«Балаларымыз медициналық көрсеткіштерге байланысты құрамында глютені жоқ арнайы өнімдерді тұрақты түрде тұтынуы қажет. Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан мұндай тағамдармен қамтамасыз ету бойынша қолдау көрсетіледі. Алайда бұл көмек бала 18 жасқа толғанға дейін ғана қарастырылған. Целиакия кезінде арнайы диетаға деген қажеттілік адамның жасы ұлғайған сайын жойылмайды. Сондықтан осы көмекті кәмелетке толған азаматтарға да жалғастыру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», – деді ол.
Ербол Байқонысов мәселені бейінді мамандармен және қолданыстағы талаптар аясында зерделеу қажеттігін айтты. Оның сөзінше, нақты тетіктер айқындалғаннан кейін тиісті ұсыныстарды уәкілетті мемлекеттік органдардың қарауына жолдау мүмкіндігі қарастырылады.
Кездесуде қатысушылар ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алу құқығы тек мектепке қабылдану фактісімен шектелмеуі тиіс екенін атап өтті. Толыққанды инклюзияны қамтамасыз ету үшін балаларға бейімделген орта қалыптастыру, білікті мамандармен қамтамасыз ету, оқу бағдарламаларының икемділігін арттыру және ата-аналарға жүйелі қолдау көрсету қажет.
«Заң мен тәртіп» қағидаты әр баланың заңмен бекітілген құқықтарының сақталуын да қамтиды. Осы бағытта көтерілген барлық өтініш тіркеліп, бірқатар мәселе қабылдау барысында шешімін тапты. Қосымша жұмысты қажет ететін мәселелер «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалының бақылауында болады.


