Сайрам ауданы: Қызылжар ауылына табиғи газ жетті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық елді мекендерді кезең-кезеңімен табиғи газбен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бағытында Сайрам ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Бұл жұмыстар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің үйлестіруімен тұрақты бақылауда жүзеге асырылып келеді.
Осы игі бастаманың нәтижесінде Қызылжар ауылына табиғи газ жеткізіліп, тұрғындарға көгілдір отынның игілігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Бұл – ауыл халқының тұрмысын жақсартып, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Бүгінде Қызылжар елді мекенінде 109 тұрғын үйде 327 адам тұрады. Елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында диаметрі 250 миллиметр болатын жоғары қысымды газ құбырының 15,2 шақырымы тартылды. Сонымен қатар ауыл ішіне жалпы ұзындығы 7,5 шақырым болатын газ тарату желілері салынды.
Қазіргі таңда газ құбырларына табиғи газ толық берілген. Ендігі кезекте тұрғындар белгіленген тәртіппен техникалық шарт алып, өз үйлерін газ желісіне қосу жұмыстарын жүргізе алады.
Ауылдарды заманауи инженерлік инфрақұрылыммен қамту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсаттағы жұмыстар Сайрам ауданында алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасып, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту арқылы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға басымдық беріле береді.
С.СӘУЛЕБАЙҚЫЗЫ


