«Заң мен Тәртіп»: қоғамдық тәртіп пен тазалық – ортақ міндет

Oinet.kz 14-06-2026

73.jpg

Қоғамдық тәртіпті сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік органдардың басты міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғамда заңға құрметті күшейтіп, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды және қоғамдық жауапкершілікті арттыруды көздейді. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы прокуратурасының үйлестіруімен арнайы рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараға аудан әкімдігі мен аудандық полиция басқармасының қызметкерлері қатысып, қала тұрғындары көп жиналатын «Қошқар ата» өзенінің аумағында профилактикалық жұмыстар жүргізді. Рейдтің негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіптің сақталуын бақылау, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін насихаттау және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды.

Рейд барысында азаматтарға табиғатты таза ұстаудың маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді. Мамандар демалыс орындарында тұрмыстық қалдықтарды бей-берекет тастамауға, арнайы қоқыс жәшіктерін пайдалануға және өзен жағалауын ластамауға шақырды. Қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екені, табиғатқа ұқыпты қарау келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік екені ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар демалушыларға суға түсу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, рұқсат етілмеген орындарда шомылмау, балаларды қараусыз қалдырмау және жеке бағалы заттарын бақылаусыз қалдырмау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

Рейд барысында қоғамдық орында масаң күйде болып, алкогольдік ішімдік ішкен екі азамат анықталды. Оларға қатысты қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданды. Сонымен бірге құқық қорғау органдары азаматтарға қоғамдық орындарда тәртіп сақтау әрбір тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші екенін түсіндірді.

Әл-Фараби ауданы прокуратурасы мұндай профилактикалық іс-шаралардың негізгі мақсаты азаматтарды жауапкершілікке тарту ғана емес, ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және құқықтық әрі экологиялық мәдениетті қалыптастыру екенін атап өтті. 

Заңдылық қағидаттарын нығайтқан тұлғаға тағзым
Заң мен тәртіп: Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу