Заң мен тәртіп: Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда

Oinet.kz 15-06-2026

74.jpg

Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында «Заң мен тәртіп» мемлекеттік идеологиясы аясында және «STOP-RISK» жобасын іске асыру шеңберінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ведомствоаралық кеңес өтті. Басқосуға аудан прокуратурасының бастамасымен білім беру ұйымдарының басшылары, құқық қорғау органдарының және жауапты мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

Кеңестің негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы құқықтық мәдениетті нығайту, жазғы демалыс кезеңінде қоғамдық тәртіпті сақтау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды үйлестіру. Бұл міндеттер Мемлекет басшысы айқындаған заң үстемдігін орнықтыру және құқық бұзушылықтың алдын алу қағидаттарымен үндеседі.

Жиын барысында жаз мезгілінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қараусыз қалуының алдын алу, су айдындары мен демалыс орындарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау, сондай-ақ құқық қорғау органдары, прокуратура және білім беру ұйымдарының бірлескен профилактикалық рейдтерін тұрақты негізде өткізу мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар құқық бұзушылыққа бейім жасөспірімдерді ерте кезеңде анықтау, олармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізу, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және білім беру ұйымдары мен құзырлы мекемелер арасындағы ақпарат алмасуды жеделдету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мұндай кешенді жұмыстар қауіптің алдын алып, балалардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысында жауапты мемлекеттік органдардың қызметін тиімді үйлестіруге, құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктерін жетілдіруге және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған нақты ұйымдастырушылық шаралар белгіленді.

Әл-Фараби ауданының прокуратурасы алдағы уақытта да «Заң мен тәртіп» қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, балалардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.

«Заң мен Тәртіп»: қоғамдық тәртіп пен тазалық – ортақ міндет
«Қауіпсіз ел»: Жолдағы тәртіп – адам өмірінің кепілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу