Заңдылық қағидаттарын нығайтқан тұлғаға тағзым

Oinet.kz 13-06-2026

72.jpg

Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қызметін атқарған, әділет генерал-лейтенанты Юрий Александрович Хитриннің 80 жылдығына арналған «Егемен Қазақстан заңдылығының бастауында» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Семинарға Шымкент қаласы прокуратурасының қызметкерлері, университеттің заң факультетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты. Басқосу барысында құқық қорғау жүйесінің қалыптасу кезеңдері, прокуратура қызметінің қоғамдағы орны және заң үстемдігін қамтамасыз етудегі прокурорлардың жауапкершілігі кеңінен сөз болды.

Жиында қала прокурорының аға көмекшісі Қ.Т. Қалдыбаев пен университеттің қылмыстық құқық және қылмыстық процесс кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор С.А. Сман баяндама жасап, Юрий Александрович Хитриннің мемлекеттік қызметтегі еңбегіне жан-жақты тоқталды. Олар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында прокуратура жүйесін жетілдіру, құқықтық реформаларды жүзеге асыру және заңдылық қағидаттарын орнықтыру бағытындағы оның қызметінің тарихи маңызын атап өтті.

Іс-шара барысында мерейтой иесінің өмірі мен еңбек жолына арналған деректі фильм көрсетілді. Қатысушылар Қазақстандағы прокурорлық қадағалау институтының қалыптасуы, құқықтық мемлекетті дамытудағы прокуратураның рөлі, прокурорлардың кәсіби этикасы, адалдық пен әділдік қағидаттары, сондай-ақ құқық қорғау жүйесіндегі ұрпақтар сабақтастығы мәселелерін талқылады.

Семинар соңында пікір алмасу ұйымдастырылып, студенттер мен жас мамандар заңдылықты қамтамасыз етудегі прокурор тұлғасының маңызы жөнінде өз ойларын ортаға салды. Қатысушылар прокуратура қызметінің басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қоғамда заң үстемдігін орнықтыру және мемлекет пен халық арасындағы сенімді нығайту екенін атап өтті.

Мұндай ғылыми-танымдық кездесулер болашақ заңгерлердің кәсіби дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, оларды әділдікке, жауапкершілікке және заңға құрметпен қарауға тәрбиелейді. 

Қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудың маңызы түсіндірілді
«Заң мен Тәртіп»: қоғамдық тәртіп пен тазалық – ортақ міндет
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу