Тұрғындардың құқықтық мәдениетті қалыптастырылуда

Есірткіге тәуелділіктің алдын алу, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамда салауатты өмір салтын насихаттау – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Сонымен қатар азаматтарды интернет және телефон алаяқтарының айла-тәсілдерінен сақтандыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстары да ерекше маңызға ие. Осы мақсатта Шымкент қаласы Қаратау ауданының прокуратурасы «Нашақорлыққа жол жоқ» атты профилактикалық жобаны ұйымдастырды.
Іс-шара қаладағы «Dur Plaza» сауда ойын-сауық орталығында өтіп, тұрғындардың кеңінен қатысуына мүмкіндік жасалды. Ашық форматтағы кездесуде азаматтар прокуратура қызметкерлеріне өздерін толғандырған құқықтық сұрақтарын қойып, заңнама талаптары бойынша жан-жақты әрі білікті түсіндірмелер алды. Мұндай еркін пікір алмасу тұрғындардың құқықтық мәселелер бойынша нақты ақпарат алуына және мемлекеттік органдармен өзара байланысты нығайтуға ықпал етті.
Кездесу барысында есірткінің адам денсаулығына, отбасы мен қоғамға тигізетін ауыр зардаптары кеңінен түсіндірілді. Мамандар есірткі құралдарын сақтау, тарату және пайдалануға байланысты заңда көзделген жауапкершілік туралы айтып, мұндай құқық бұзушылықтардың ауыр салдарына тоқталды. Әсіресе жастарға жеңіл табыс табу мақсатында есірткі жарнамасын тарату немесе есірткі тасымалдауға келісудің болашағына орны толмас зиян келтіретіні ескертілді.
Сонымен қатар азаматтарға соңғы уақытта жиілеп кеткен интернет және телефон алаяқтықтарының жаңа тәсілдері түсіндірілді. Прокуратура қызметкерлері күмәнді қоңырауларға сенбеу, банк картасының деректерін бөгде адамдарға бермеу, белгісіз сілтемелерді ашпау және қаржылық операциялар кезінде барынша сақ болу қажеттігін айтты.
Осындай профилактикалық кездесулер қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың заң талаптарын білу деңгейін арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған тиімді алаңға айналып отыр. Тұрғындардың құқықтық сауаты жоғары болған сайын олар түрлі заңсыз әрекеттер мен алаяқтықтың құрбаны болу қаупін азайтады.
Қаратау ауданы прокуратурасы алдағы уақытта да халықпен тікелей кездесулер өткізіп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.


