Баланың мүддесі – басты қағида

Oinet.kz 13-06-2026

70.jpg

Балалардың құқықтарын қорғау – құқықтық мемлекеттің басты құндылықтарының бірі. Осы бағытта құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру мақсатында Шымкент қаласы Абай ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен балаларды асырап алу туралы заңнаманы қолдануға арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьялары, қорғаншылық және қамқоршылық органы, «Ана үйі» қоғамдық қорының өкілдері, ювеналды полиция қызметкерлері мен тәжірибелі психологтар қатысты. Басқосу барысында балаларды асырап алу рәсімдерінің құқықтық негіздері талқыланып, қолданыстағы заңнаманы бірізді қолданудың өзекті мәселелері жан-жақты сараланды.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 1 маусымдағы №18 нормативтік қаулысының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың балаларды асырап алу (қыз асырап алу) туралы заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы» нормативтік қаулысының негізгі ережелері кеңінен түсіндірілді. Қатысушылар құжаттарды рәсімдеу, сот тәжірибесінде туындайтын мәселелер және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру жолдары жөнінде пікір алмасты.

Дөңгелек үстелде құқық қолдану тәжірибесіндегі маңызды өзгерістерге ерекше назар аударылды. Егер бұрын мұндай істерді қарау кезінде заңнаманың жекелеген рәсімдік талаптарына басымдық берілсе, енді Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымына сәйкес басты назар баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға аударылуы тиіс. 

Мамандардың айтуынша, балаларды асырап алу туралы әрбір шешім ең алдымен баланың қауіпсіздігіне, толыққанды отбасында тәрбиеленуіне және оның жан-жақты дамуына қызмет етуі қажет. Сондықтан соттар мен уәкілетті органдардың барлық әрекеті баланың мүддесін басшылыққа ала отырып жүзеге асырылуы маңызды.

Осындай кәсіби пікір алмасу алаңдары құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге, мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді жұмысын нығайтуға және балалардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде әрбір баланың бақытты балалық шаққа, қауіпсіз ортада өмір сүруге және толыққанды отбасында тәрбиеленуге деген конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Тұрғындардың құқықтық мәдениетті қалыптастырылуда
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудың маңызы түсіндірілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу