Шалғай елдімекендерге интернет желісі кезең-кезеңімен тартылуда

Oinet.kz 10-06-2026

3для новости.jpg

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды тетігіне айналды. Әсіресе, шалғай елдімекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету – білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету және кәсіпкерлікті дамыту тұрғысынан өзекті міндеттердің бірі. Осы бағытта Шымкент қаласында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді.

Қала әкімдігі мен жеке инвесторлардың бірлескен бастамасы нәтижесінде соңғы жылдары талшықты-оптикалық байланыс желілерін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде. 2021 жылдан бері жүзеге асырылған жобалардың арқасында қала аумағындағы 80-ге жуық елдімекен заманауи талшықты-оптикалық инфрақұрылыммен қамтылды. Соның нәтижесінде шамамен 500 мың тұрғын жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болды.

Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Атап айтқанда, Алтынтөбе, Исфиджаб, Жиделі және Қайнарбұлақ елдімекендерінде кең жолақты интернет желісін жүргізу жобалары қолға алынды. Қазіргі таңда Исфиджаб пен Жиделі тұрғын алаптарына жоғары жылдамдықты интернет жеткізіліп, желі пайдалануға берілді.

Сонымен қатар Жиделі тұрғын алабындағы 800 үйге интернет желісіне техникалық қосылу мүмкіндігі жасалды. Бұл тұрғындардың қашықтан білім алуына, электронды мемлекеттік қызметтерді пайдалануына, онлайн кәсіп жүргізуіне және цифрлық сервистерді еркін қолдануына жол ашады.

Алдағы кезеңде Алтынтөбе мен Қайнарбұлақ елдімекендеріне де кең жолақты интернет желісін тарту жоспарланып отыр. Бұл жобалар жүзеге асқан сайын қаланың шет аймақтары мен орталық бөлігінің цифрлық инфрақұрылымы арасындағы алшақтық азайып, тұрғындардың ақпараттық технологияларға қолжетімділігі арта түседі.

Жалпы, шалғай елдімекендерді сапалы интернетпен қамту – цифрлық теңсіздікті азайтып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды бастамалардың бірі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып, қала тұрғындары үшін қолайлы әрі заманауи цифрлық орта қалыптастыруға негіз болмақ.

Заң үстемдігі дөңгелек үстелде талқыланды
Жасанды интеллект жол қауіпсіздігін күшейтуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу