Заңсыз сауданың жолы кесілді

Oinet.kz 23-06-2026

0f9d3fa3731300d4fd0c5453168b52c3.jpg

«Қауіпсіз ел» тұжырымдамасына сәйкес, Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан «Айқын нәтиже» жобасының аясында Қаратау ауданы прокуратурасының үйлестіруімен аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы мен полиция басқармасының қызметкерлері бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізді. Негізгі мақсат – алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың жолын кесу, көлеңкелі айналымға тосқауыл қою және тұтынушылардың құқықтарын қорғау.

Тексеру барысында алкоголь өнімдерін заң талаптарын бұза отырып өткізудің 16 дерегі анықталды. Нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы құны 7,7 миллион теңгені құрайтын 6 844 дана алкоголь өнімі тәркіленді. Қазіргі уақытта құқық бұзушылыққа жол берген тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту бағытында тиісті шаралар қабылдануда.

Мамандардың айтуынша, алкоголь өнімдерін лицензиясыз өткізу, белгіленген уақыттан тыс сату немесе жиырма бір жасқа толмаған азаматтарға ұсыну қолданыстағы заңнаманың талаптарына қайшы келеді. Мұндай әрекеттер мемлекет бақылауындағы нарықтық тәртіпті бұзып қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікке де елеулі қатер төндіреді.

Әсіресе жастар арасында алкогольдің қолжетімді болуы олардың денсаулығына, тәрбиесіне және болашағына кері әсер етуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, қоғамдық орындарда ішімдік тұтыну мәдениетінің қалыптасуы құқық бұзушылықтардың, тұрмыстық жанжалдардың және жол-көлік оқиғаларының көбеюіне себеп болады. Сондықтан заң талаптарының сақталуы тек құқықтық мәселе ғана емес, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің де маңызды кепілі болып саналады.

Прокуратура өкілдері заң талаптарын сақтау мемлекеттік органдармен қатар кәсіпкерлердің де жауапкершілігі екенін атап өтті. Өйткені заңсыз сауда көлеңкелі экономиканың дамуына жол ашып, адал кәсіпкерлікке кедергі келтіреді.

Шымкентте құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қоршаған ортаны қорғау шараларымен қатар жүргізілуде. Қала прокуратурасының үйлестіруімен жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері, коммуналдық мекемелер мен экоактивистер заңсыз қоқыс орындарын анықтап, жою жұмыстарын тұрақты түрде жүзеге асыруда. Нәтижесінде бір тәуліктің өзінде 100 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды.

Бұл жұмыстардың барлығы қоғамда заңға құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Әкім орынбасары қауіпсіздік мәселесін көтерді
Киберқылмысқа қарсы күрес күшейтілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу