Әкім орынбасары қауіпсіздік мәселесін көтерді

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіз ортада білім алып, демалуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Осы орайда Шымкент қаласында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері арнайы жиында кеңінен талқыланды.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалығымен өткен жиынға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, білім саласының мамандары және аудан әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері қатысты. Басқосу прокуратураның балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін сақтау, жазғы демалысты тиімді ұйымдастыру және ойын алаңдарының жай-күйіне қатысты жүргізген талдауы негізінде ұйымдастырылды.
Жиында сөз сөйлеген прокуратура өкілдері балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру барысында анықталған өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, кейбір сауықтыру лагерьлерінің дайындығы, рұқсат құжаттарын рәсімдеу, санитарлық талаптарды сақтау және қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігі айтылды. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы спорт және ойын алаңдарының техникалық жағдайына қатысты да бірқатар кемшіліктер анықталған.
Мамандардың пікірінше, балалардың өмірі мен денсаулығына қатысты мәселеде салғырттыққа жол беруге болмайды. Сондықтан жауапты мекемелерге анықталған олқылықтарды қысқа мерзімде жою және қауіпсіздік талаптарының толық орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Білім басқармасының мәліметіне сәйкес, биыл Шымкент қаласындағы 262 мыңнан астам оқушының 93,5 пайызы жазғы сауықтыру және демалыс шараларымен қамтылмақ. Оның ішінде мыңдаған бала қала сыртындағы лагерьлерде тынығып, қалған оқушылар мектеп жанындағы лагерьлер мен түрлі мәдени-танымдық, спорттық іс-шараларға қатысады.
Жиын қорытындысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың ғана емес, ата-аналар мен қоғамның ортақ міндеті екені атап өтілді. Өйткені «Заң мен тәртіп» қағидатының басты мақсаты – әрбір баланың құқығы қорғалған, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру. Мұндай жүйелі жұмыстар өскелең ұрпақтың амандығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамдағы жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті нығайтады.


