Заң үстемдігі – кәсіпкерлікті дамытудың берік кепілі

Oinet.kz 10-06-2026

6b6405475013a76cc7c462df4d4035f6.jpg

Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында бизнес өкілдерінің заңды мүдделерін қорғау және олардың қызметіне кедергі келтіретін мәселелерді шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер мен инвесторлардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылының тиімділігі артып, өндірістік қызметтің тұрақты дамуына мүмкіндік жасалуда.

Осы бағыттағы нақты мысалдардың бірі – Әл-Фараби ауданы прокуратурасының араласуымен отандық өндірушінің мәселесінің оң шешім табуы. Кең қолданыстағы балмұздақ пен жайма өнімдерін шығаратын «Ленгер Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұзақ уақыт бойы логистика саласындағы қиындықтарға тап болған. Кәсіпорынның өндірістік қоймасы орналасқан Бәйдібек Саттарханов көшесіндегі жол таңбасы жүк көліктерінің қойма аумағына кедергісіз кіріп-шығуына мүмкіндік бермеген. Соның салдарынан өнім тасымалының тиімділігі төмендеп, кәсіпорын жұмысына қолайсыздық туындаған.

Кәсіпкер мәселені шешу үшін бірнеше рет тиісті органдарға жүгінгенімен, түйткіл ұзақ уақыт бойы шешімін таппаған. Кейін аудан прокуратурасы инвестордың өтінішін жан-жақты зерделеп, мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар енгізді. Прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қойма аумағына кіреберістегі тұтас жолақ үзік жол таңбасына ауыстырылды.

Нәтижесінде жүк көліктерінің қозғалысы жеңілдеп, өндірістік және логистикалық үдерістер оңтайландырылды. Бұл бір қарағанда қарапайым мәселе болып көрінгенімен, кәсіпкерлік қызметтің үздіксіз жүруіне және өндіріс тиімділігінің артуына тікелей ықпал етті.

Аталған жағдай «Заң мен тәртіп» қағидатының нақты өмірдегі көрінісін айқындай түседі. Өйткені кәсіпкердің заңды құқығы қорғалған жерде инвестиция тартылады, өндіріс көлемі ұлғаяды, жаңа жұмыс орындары ашылады. Ал бизнестің тұрақты дамуы өңір экономикасының өркендеуіне жол ашады. Сондықтан кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен олардың мәселелерін дер кезінде шешу – құқықтық мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді.

Жолдағы жауапкершілік – адам өмірінің кепілі
Кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлыққа тап болмайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу