Жастарға бағытталған маңызды кездесу

Oinet.kz 08-06-2026

c58e60542dfc476a945bc1e597fca536.jpg

Оқу жылының аяқталуына орай және Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған айлық іс-шаралар аясында Шымкент қаласында жастар арасында профилактикалық жұмыстар қарқынды жалғасуда. Осы бағыттағы кезекті маңызды кездесу болашақ мамандар білім алып жатқан жоғары оқу орнында ұйымдастырылып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және зиянды әдеттердің алдын алуға арналды.

Шараға Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысып, олар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің студенттерімен ашық форматта жүздесті. Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында нашақорлықтың таралуына тосқауыл қою, психобелсенді заттардың адам ағзасына тигізетін зиянын түсіндіру және құқықтық мәдениетті қалыптастыру болды.

Басқосу барысында мамандар есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары туралы жан-жақты ақпарат берді. Әсіресе соңғы жылдары кең таралып келе жатқан синтетикалық және жаңа психоактивті заттардың денсаулыққа келтіретін залалы, олардың адамның психикасына әсері мен қоғам қауіпсіздігіне төндіретін қатері кеңінен түсіндірілді.

Кездесуде жастарды алаңдататын өзекті мәселелердің бірі – интернет кеңістігі арқылы жасалатын есірткі қылмыстары да сөз болды. Мамандар заңсыз интернет-дүкендердің қызметіне қатысу, тыйым салынған заттарды тасымалдау, сақтау немесе арнайы орындарға жасыру секілді әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Мұндай құқық бұзушылықтардың адамның болашағына орны толмас зиян келтіріп, білім алуына, еңбек жолын қалыптастыруына және қоғамдағы орнына кері әсер етеді.

Спикерлер студенттерді жеңіл табысқа қызықпауға, күмәнді ұсыныстардан бойын аулақ ұстауға және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесуде студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Еркін диалог жастардың құқықтық жауапкершілік, қауіпсіз өмір салты және заманауи қауіп-қатерлерден қорғану жолдары жөніндегі түсінігін кеңейте түсті.

Жастардың құқықтық сауатын арттыру және оларды зиянды әдеттерден сақтандыру бағытындағы кездесулер қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға, жас ұрпақтың азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.

Өнер арқылы өрілген өнеге
«Жас сақшы» – жауапкершілік мектебі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу