«Жас сақшы» – жауапкершілік мектебі

Oinet.kz 07-06-2026

e126a34b6212c7498598c0c1c6fb71ad.jpg

Шымкент қаласы Полиция департаментінде «Заң мен тәртіп» жобасы аясында №89 және №90 мектептердің «Жас сақшы» сыныптарында білім алып жүрген оқушылардың ата-аналарымен кездесу өтті. Басқосуға департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрбол Мырзатаев қатысып, жобаның алдағы даму бағыты, оқушылардың кәсіби бағдарлануы және жаңа оқу жылына дайындық мәселелері жөнінде кеңінен әңгімеледі.

Кездесу барысында «Жас сақшы» сыныптарын жаңа оқу жылына даярлау жұмыстары, Ішкі істер министрлігінің ведомстволық жоғары оқу орындарына түсу тәртібі мен талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар ата-аналарды толғандырған сауалдарға жауап беріліп, болашақ түлектерге ұсынылатын мүмкіндіктер жан-жақты талқыланды.

Жиында сөз алған мамандар «Жас сақшы» жобасының жасөспірімдердің бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға, тәртіп пен жауапкершілікке баулуға, құқық қорғау қызметіне деген қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды бастама екенін атап өтті. Бүгінде аталған сыныптардың оқушылары 11-сыныпқа қадам басып, өмірлік жолын айқындайтын шешуші кезеңге жетіп отыр.

Кездесуде құқықтық сауаттылық мәселесіне ерекше назар аударылды. Мамандар заңды құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін білетін жас ұрпақ қана қоғамның тұрақты дамуына үлес қоса алатынын айтты. Бұл бағытта ата-аналар мен мұғалімдердің рөлі айрықша. Үлкендердің заңға құрметпен қарап, әділдік қағидаттарын ұстануы балалар үшін маңызды үлгі болмақ.

Сондай-ақ құқықтық мәдениеті қалыптасқан оқушының қоғамдық тәртіпті сақтауға, айналасындағы адамдармен сыйластық қарым-қатынас орнатуға және азаматтық жауапкершілікті сезінуге бейім болатыны айтылды. 

Басқосуда цифрлық-құқықтық сауаттылықтың маңызы да кеңінен сөз болды. Қазіргі ақпараттық қоғам жағдайында интернеттегі қауіп-қатерлерден қорғана білу, жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау және киберқылмыстардың алдын алу әрбір азамат үшін маңызды міндетке айналды. 

Кездесу соңында келесі оқу жылында мектеп бітіруші түлектерге арнайы сертификаттар табысталатыны хабарланып, кәсіби және тұлғалық дамуға бағытталған алдағы іс-шаралар жоспары таныстырылды. Ата-аналар жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, олардың болашағына қолдау көрсетіп отырған полиция департаментінің бастамаларына ризашылықтарын білдірді.

Жастарға бағытталған маңызды кездесу
Цифрлық дәуірдегі қылмысқа қарсы күрес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу