Қоғамдық кеңесте қала қауіпсіздігі талқыланды

Oinet.kz 06-06-2026

cfc5f80f865b21b05d2a7851dcd81780.jpg

Жуырда Шымкент қаласында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда қоғамдық-саяси ахуал, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Кеңес төрағасы Бұқарбай Парманов жүргізген жиынға құқық қорғау органдары мен салалық басқармалардың өкілдері қатысып, атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы есеп берді. Қоғамдық кеңес – мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтатын маңызды қоғамдық институттардың бірі.  

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі қаладағы қылмыстық ахуал мен қоғамдық қауіпсіздік жағдайы болды. Бұл жөнінде баяндама жасаған Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ұлықбек Мылтықов 2026 жылдың алғашқы бес айында атқарылған жұмыстарға тоқталып, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүзеге асқан шаралардың нәтижесін таныстырды.

Оның айтуынша, бүгінде қаладағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Жүйелі профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде қылмыстың бірқатар түрлері бойынша төмендеу көрсеткіші байқалады. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар азайып, мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтар мен отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы келеңсіз жағдайлар да төмендеген. Сондай-ақ топтасып жасалған қылмыстар мен қайталама құқық бұзушылықтардың қысқаруы құқық қорғау органдары жүргізіп отырған алдын алу шараларының тиімділігін көрсетеді.

Сонымен бірге қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстардың өсуі өзекті мәселе ретінде көтерілді. Мамандар мұны қала халқы санының артуымен, көші-қон үдерістерінің күшеюімен және жаңа тұрғын алаптарының көбеюімен байланыстырады. Сондықтан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жетілдіру қажеттігі атап өтілді.

Жиында «Заң мен тәртіп» жобасының маңызына да ерекше назар аударылды. Бұл бастама азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырып, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған. Заң үстемдігі берік орныққан қоғамда тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің де негізі нығая түсті. Сондықтан құқықтық тәртіпті сақтау мен заңға құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру – қауіпсіз әрі дамыған қоғам құрудың басты шарттарының бірі.

Колледж студенттеріне дәріс оқыды
Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу