Заң мен тәртіп – жас ұрпақ қауіпсіздігінің кепілі

Шымкент қаласының Абай ауданында заңдылықты нығайту және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Аудан прокуратурасы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп өткізген шараның негізгі мақсаты – кальян өнімдерінің заңсыз айналымын шектеу, жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүру фактілерінің алдын алу және қоғамдық орындардағы құқықтық тәртіпті күшейту.
Рейд барысында қоғамдық тамақтану орындары мен ойын-сауық мекемелерінің қызметі тексерілді. Құзырлы орган өкілдері кальян өнімдерін өткізу мен тұтынуға қатысты заң талаптарының сақталуын бақылап, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударды.
Тексеру нәтижесінде қолданыстағы заңнаманы бұзудың бірқатар деректері анықталды. Қазіргі таңда анықталған құқық бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып, кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда.
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, жасөспірімдердің түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруі олардың түрлі құқыққа қайшы әрекеттердің құрбаны болуына немесе құқық бұзушылыққа тартылуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан заңнамада кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қоғамдық орындарда ата-анасының немесе заңды өкілдерінің бақылауынсыз жүруіне шектеу қойылған.
Мамандар сондай-ақ ойын-сауық орындары мен компьютерлік клубтарға бақылаусыз барудың да жасөспірімдердің тәрбиесі мен психологиялық дамуына кері әсер ететінін атап өтті. Мұндай ортаға жиі бейімделу баланың оқуына, қоғамдық белсенділігіне және өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына теріс ықпал етуі мүмкін.
Құқық қорғау органдарының пікірінше, бала тәрбиесі ең алдымен отбасыдан басталады. Сондықтан ата-аналар балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың кіммен араласатынына және қайда жүретініне тұрақты көңіл бөлуі қажет.
Бүгінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып жатқан мұндай профилактикалық іс-шаралар қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.


