«Заң мен тәртіп» – құқықтық мәдениетті қалыптастыратын маңызды бастама

Oinet.kz 28-05-2026

101be29eb7e78eaa3756bcf8819a565a.jpg

Жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттыру, олардың бойында заңға құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар аясында Шымкент қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясында «Заң мен тәртіп» жобасы бойынша тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға 7-сынып оқушылары қатысып, «Зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбы талқыланды.

Кездесуді маман Алайдар Зейнабилов жүргізіп, жасөспірімдерге құқықтық тәрбие мен қауіпсіз ортаның маңызы жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Сабақ барысында зорлық-зомбылықтың түрлері, оның жеке тұлғаға және қоғамға тигізетін кері әсері, психологиялық қысымның белгілері мен оның салдары туралы түсіндірілді. Сонымен қатар мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу жолдары мен көмек сұрау тетіктері жөнінде нақты мәліметтер ұсынылды.

Жиын барысында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері, олардың заң алдындағы жауапкершілігі және қауіпсіз ортада білім алып, еркін дамуға деген құқығы туралы кеңінен айтылды. Оқушылар құқықтық тақырыптарға қатысты өз пікірлерін білдіріп, түрлі өмірлік жағдайларды бірге талқылады. Ашық пікір алмасу жасөспірімдердің құқықтық білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың сыни ойлау қабілетін дамытуға да ықпал етті.

Кездесуде мектеп ортасындағы буллинг пен психологиялық қысым мәселесіне ерекше назар аударылды. Мамандар оқушыларға құрбы-құрдастарымен сыйластық қарым-қатынас орнатудың, бір-біріне қолдау көрсетудің және өзгелердің құқығын құрметтеудің маңызын түсіндірді. Әрбір баланың өзін қауіпсіз сезінуі білім сапасы мен тұлғалық дамудың маңызды алғышарты екені атап өтілді.

Бүгінде балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр. Өйткені заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары әрі саналы азамат тәрбиелеу – ел болашағына салынған инвестиция. Сондықтан білім беру ұйымдарында өткізілетін мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні зор.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы іс-шаралар оқушылардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың бойында әділдік, жауапкершілік, өзара құрмет және азаматтық белсенділік сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді.

Құқықтық сауаттылық – қауіпсіз қоғамның негізі
«Заң мен тәртіп» – құқықтық мәдениетті қалыптастырудың тиімді тетігі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу