Құқықтық сауаттылық – қауіпсіз қоғамның негізі

Шымкент қаласының Тұран ауданында тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды кездесу өтті. Аудан прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылған жиын «Айқын нәтиже» жобасы аясында жүзеге асып, Отырар шағынауданының тұрғындарын бір алаңға жинады. Іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша ашық диалог қалыптастыру.
Кездесу барысында прокуратура қызметкерлері құқық қорғау органдарының негізгі жұмыс бағыттары туралы жан-жақты ақпарат беріп, тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап берді. Ашық пікір алмасу форматында өткен жиын халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік жасады.
Жиында соңғы жылдары қоғамда жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, интернет-алаяқтық, ұрлық, есірткі құралдарының заңсыз айналымы және кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар мәселесі кеңінен талқыланды.
Прокуратура өкілдері интернет алаяқтарының қолданатын жаңа әдіс-тәсілдеріне тоқталып, тұрғындарды сақ болуға шақырды. Әсіресе белгісіз нөмірлерден келетін қоңырауларға сенбеу, банк карталарының деректерін бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерді ашпау және әлеуметтік желілер арқылы таралатын жалған ақпараттарға сақтықпен қарау қажеттігі түсіндірілді. Бүгінде цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы азаматтарға көптеген мүмкіндік бергенімен, киберқылмыстың да түр-түрін көбейтіп отырғаны айтылды.
Кездесу аясында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген жаңа 125-1 және 232-1-баптарының мазмұны да түсіндірілді. Прокуратура қызметкерлері аталған баптарда көзделген құқық бұзушылықтардың ерекшеліктері мен олар үшін қарастырылған жауапкершілік шаралары жөнінде нақты мәлімет берді. Заңнамадағы бұл өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және жаңа сипаттағы қылмыстардың алдын алуға бағытталғаны атап өтілді.
Жиын соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, құқықтық кеңестер алды. Мұндай кездесулер халықтың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, қоғамда заңға құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді.


