Мәслихат депутаттары өзгерістердің бел ортасында жүр
Биыл наурызда өткен Мәжіліс пен мәслихат сайлауы осы өзгерістер жолындағы маңызды қадам саналады. Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары да өңірдің дамуына үлестерін қосып, өзгерістердің бел ортасында жүр. Халықтың талап-тілегіне құлақ түру, кемшіліктермен жұмыс істеудің жаңаша әдіс-тәсілдері қалыптасқанын атап өткен жөн.
Жуырда Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, есімі елге кеңінен танылған кәсіпкер, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, «AMANAT» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Нұралы Әбішев сегізінші шақырылымдағы мәслихаттың 4 айда атқарған жұмысының есебін берді. Арнайы өткізілген брифингте мәслихат депутаттарының есепті кезеңдегі негізгі жетістіктерін, атқарылған жұмыстарын айтып өтіп, журналистердің сауалдарына жауап берді.
Есепті төрт ай – күрделі мәселелерді шешуге жеткіліксіз уақыт. Дегенмен, жаңа құрамдағы мәслихаттың алғашқы қадамдарынан-ақ сегізінші шақырылымдағы мәслихат депутаттарының мықтылығын байқауға болады. 17 жылдық депутаттық тәжірибесі бар Н.Әбішевтің айтуынша, қазіргі шақырылымдағы депутаттар өте білімді, әрқайсысы –туған жерінің патриоты. Мәселен, бұрынғы кездері қандай-да ауданда өмір сүрмеген, басқа жақта қызмет еткен азамат депутат болып кете беретін. Ал қазіргі депутаттардың әрқайсысы өзі сайланған аймақтың өзекті мәселелерін, сайлаушыларының мұң-мұқтажын жақсы біледі әрі соларды шешуге барын салуда.
Биыл наурызда өткен Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауының қорытындысы бойынша сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың бірінші сессиясы 30 наурызда өтіп, жаңадан сайланған 46 депутатқа төсбелгілері табысталды. 3 тұрақты комиссия құрылып, олардың төрағалары сайланды. Жалпы, елдiң алдында тұрған экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi орындауға ықпал етуде мәслихат маңызды рөл атқарады. Жыл басынан бері облыстық мәслихаттың 4 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 53 шешім қабылданды. Облыстың жылдық бюджеті 2 рет нақтыланды. Биылғы бюджет көлемі 1 триллион 325 млрд. теңгені құрады. Бұл соманың жартысынан астамы әлеуметтік салаға бөлінді. Бұл өз тұсында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар міндеттерді шешуге септігін тигізді.
«Облыстық мәслихат депутаттары халықтың түрлі топтарымен тұрақты негізде кездесулер өткізіп, сайлаушыларды жеке мәселелері бойынша арнайы қабылдаулар ұйымдастырды. Есепті кезеңде депутаттар 100-ге жуық қоғамдық қабылдау өткізілген. Бір ерекшелігі, депутат ретінде қоғамдық қабылдауды кабинетте емес, елді мекендерге барып, қарапайым көпшіліктің ортасында өткізуге, дәлірегі, халықтың талап-тілегін тыңдап қана қоймай, көзбен көре отырып мәселелерді жедел шешудің көшпелі форматына бет бұрып жатқандар аз емес. Тұрғындарды толғандыратын мәселелер бойынша облыстық мәслихат қабырғасында өзімнің төрағалығыммен 6 жиын өткізіліп, тиісті органдарға 17 хаттамалық ұсыныстар берілді. Бүгінде ол ұсыныстардың 8-і орындалып, 9-ы бойынша жұмыс жүргізілуде», деді Н.Әбішев.
Мәслихат депутаттары облыстық басқарма басшыларының есебін тыңдайды, атқарып отырған жұмысын қарайды. Тек баяндама тыңдаумен шектелмей, депутаттардың қатысуымен уақытша комиссия құрылады. Ол комиссия мүшелері облыстың барлық аудан, қалаларын аралап, саланың жағдайымен етене танысады. Басқарма басшысының жұмысы қанағаттанарлықсыз болса, шара көру мәселесі сессияға шығарылады. Шара әртүрлі болуы мүмкін. Сөгіс жариялауы да, жұмыстан кетіруі де ықтимал. Бұл – облыс әкімінің құзырындағы мәселе. Жуырда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына қатысты осындай ұсынысты білдірдік. Жұмысы депутаттардың көңілінен шыққан жоқ. Бұрын-соңды мәслихат тарапынан қандай-да басқарманың басшысына шара көрілсін деген ұсыныс жасалмаған еді.
«Әрине, депутаттар халықпен тығыз байланысты болуы керек. Дегенмен, қайта-қайта кездесу ұйымдастыра беріп, тұрғындардың мазасын ала беруге де болмайды деп есептеймін. Қазір аудан басшылары тұрақты түрде елмен есепті кездесулерді өткізіп тұрады. Облыстық мәслихат депутаттарынан бөлек аудандық мәслихат депутаттары да бар, олар да сайлаушыларын жинап, басқосуларды өткізеді. Тұрғындарды толғандырып жүрген сауалдарды әріптестерім жақсы біледі. Сондықтан, біз уақытты халықпен кездесуге емес, халықтың мәселесін шешуге жұмсағанымыз жөн. Менің ойымша, депутат өзі сайлаған сайлаушыларға жылына бір рет барып есеп берсе жеткілікті», деп ойымен бөлісті мәслихат төрағасы.
Нұралы Әбішевтің айтуынша, мәслихаттың араласуымен бірқатар күрделі мәселе шешімін тапты. Айталық, ауыл шаруашылығына ауадай қажет тыңайтқыштар тақырыбының оңтайлы шешілуіне депутаттардың септігі тиді. Қазақстан бойынша селитраның жалғыз өндірушісі бар. Сол компаниядан селитра алуға мемлекет тарапынан субсидия бөлінеді. Бір келісі 180 теңге тұрса, 80 теңгесін мемлекет өтеп береді. Сонда шаруалардың тыңайтқышты тасымалдаумен қосқандағы шығыны 118 теңгені құрайтын. Алайда, араға делдалдар түсіп кетіп, селитраның бағасы 140 теңге дейін шарықтады. Яғни, қолдан жасалып отырған кедергілердің кесірі. Келіссөздер пайда бермеген соң шаруалар шу көтеріп, осы мәселемен мәслихатқа келді. «Арнайы жиын өткізіп, тыңайтқыш өндірушісіне бассыздықты тоқтату жайлы қатаң талабымызды жеткіздік. «Алдын-ала қаржысын жинап, селитраны шетелден екі есе төмен бағамен алатын боламыз. Ал ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы хат жіберіп, отандық селитра өнідрушіге субсидия берудің тоқтатылуын талап етеміз» деп шарт қойдық. Содан кейін ғана селитра өндіруші тәубесіне келіп, бағаны арзандатты», дейді Нұралы Әлмаханұлы.
Мәслихаттың араласуымен шешілген тағы бір мәселе – жылда ауыл шаруашылығы саласында шу шығатын жанар-жағар май тапшылығының оңтайлы шешілуі. Қайбір кезде шардаралық шаруалар наразылығын білдіріп, жолды жауып тастап жүрді. Оның себебі мынау еді: жанар-жағармай жоқ емес, бар. Бірақ жиын-терім науқаны нағыз қызып тұрған шағында берілмейді де, қажеттілігі жоқ кезде ұсынылатын. Осыны сылтауратып, жанар жағармай сатушылары «біз ұсындық, шаруалар бас тартты» деген уәжбен бүкіл өнімін сатып жіберіп жүрді. Бұл да - қолдан жасалған кедергі. Мәселені шешу үшін шаруаларға жанар-жағармай бөлудің кестесі қайта қаралды. Мәселенің мән-жайын облыс әкімі Дархан Амангелдіұлына баяндап, ол кісінің тікелей араласуымен, нақты тапсырма беруімен түйіткіл шешімін тапты.
Депутаттарға қойылатын талаптар аз емес. Қазір мәслихат жұмысының регламентіне бірқатар өзгерістер енгізгелі отыр. Мәселен, сессия немесе тұрақты комиссияның отырыстарына қатарынан екі рет себепсіз қатыспаған депутатқа шара көріледі. Үш рет келмейтін болса сайлау комиссиясына оның депутаттық мандатын қайтару туралы ұсыныс берілетін болады.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жергілікті өзін өзі басқару жүйесін барынша дамытуға айрықша мән беріп отырғаны мәлім. Ел Президенті өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады» деп мәлімдеуі бекер емес. Түркістанда өткен соңғы Құрылтайда Президент жауапты азаматсыз Әділетті Қазақстанды құру мүмкін емес екенін айтты.
«Жалпы, депутаттарға сессияда еңсесін тік ұстап, пікірін еркін айтуға барлық мүкіндік жасалған, құқық берілген. Ешкімге шектеу қойылмайды. Әріптестер әр сессияларда сөз сөйлеп, ой-пікірін бүкпесіз айтып жүр. Тұрақты комиссияларда мәселелер ашық талқыланады. Мәслихаттың бұрынғы шақырылымдарындай емес, қазір еркіндік бар. Биліктегілердің, басқарма басшыларының жіберген кемшіліктерін бос байбаламмен емес, нақты айғақпен айтып отырғанын облыс әкімі де дұрыс деп қабылдамаса, бұрыс деп жатқан жоқ, - деп санайды Н.Әбішев.