Келес: Көшелер 99 пайыз жөндеуден өтеді
Түркістан облысы Келес ауданындағы жолдар жыл өткен сайын жаңарып, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың пайыздық үлесі артып келеді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 7 көшеге асфальт төселеді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Олар ұзындығы 5,5 шақырымды құрайтын Қошқарата ауылдық округінің Бәйтерек елді мекеніндегі Алтыбаев және Жеңіс көшелері, Ақтөбе ауылдық округіндегі Бозсу елді мекенінің 4 көшесі, Денсаулық, Жаңа ғасыр, Жаңа ғасыр 1 және Жаңалық көшелері жөнделеді. Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында Алпамыс батыр ауылдық округіне қарасты Қауыншы елді мекенінің Б.Тәжібаев көшесі де жаңаланады. Қазіргі таңда мердігерлер бойынша 7 көшенің де жеңімпазы анықталған. Келісім шартқа тұру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол жөндеу жұмыстары тамыз айында басталады деп жоспарланған.
Жолы жаңаратын ауылдардың қатарында Абай ауылындағы 8 көше, Алпамыс батыр ауылдық округінің орталығы Ақжол ауылындағы 12 көшеге қаржы қаралды. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу веб порталына жариялау жұмыстары атқарылып жатыр. Жоспарлы жұмыстар жүзеге асқан соң Ақжол ауылы мен Бәйтерек ауылдарының ішкі көшелері 100 пайыз асфальтталса, аудан орталығындағы жолдардың 99 пайызы орта жөндеуден өтеді.
Жол жөндеу жұмыстары аудан аумағының өзге де нүктелерінде жүзеге асады. Бүгінгі таңда аудандық маңызы бар Жамбыл ауылдық округінің Бекбота және Ащыкөл ауылдарын жалғайтын «KXSG-31 Бекбота-Ащыкөл» жолының 9,9 шақырымын орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.