Келесте балық етін өндіретін ірі жоба іске асуда

Oinet.kz 21-07-2023 245

12.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте халықтың табысын арттыру, азаматтарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет екенін айтқан болатын.

«Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады», – деген еді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген болатын. 

Жоспарға сай, биыл өңірде I тоқсанның қорытындысы бойынша 2559 тонна өндірілді. Бүгінде балық шаруашылығымен айналысушыларға мемлекет тарапынан тиісті жеңілдіктер, субсидиялар беріліп отыр. 

Келес ауданындағы Ақтөбе ауылдық округі, М.Горький елдімекенінде орналасқан шаруа қожалығымыз 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде қожалықта балық өсіру және балық етін өндіру қызметтері жүзеге асып жатыр. Жоба құны — 100 млн. теңге. 

Балық шаруашылығымен жеті жылдан бері шұғылданамыз. Инвест жоба аясында балықты қайта өңдеу, кептіру жұмыстарын қолға алдық. Одан бөлек, бүгінде 19 гектар жерімізде 13 тоғанды көл бар. Мұнда балықтың сазан, ақ амур және тағы да басқа түрлері бар. Осы шаруашылық үшін мемлекеттен үлкен көмек алдым. Конкурстан тысқары мемлекеттік қолдау шарасы аясында қожалыққа 76,2 гектар жер учаскесі берілді. Одан бөлек, қайта өңдеу цехын салу үшін 8 млн. 800 мың теңге төмен пайызды несие алдым. Биыл 515 млн. теңгеге үлкен жобамды ұсындым. Бүгінде ол қаралу үстінде. Мақұлданып жатса, өңірдегі тоғанды дамытуға әрі қарай өз үлесімді қосып, 28 көлге жеткізу жоспары тұр. Ол іске асып жатса, жылына 400 тоннаға дейін балық өндіруге мүмкіндік бар.

Жоба толық іске қосылса, тағы 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда цехта 6 адам жұмыс істейді. Бүгінде жаңа кәсіпті игерген шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау бар. Сонымен қатар аудандағы қожалықтарда балыққа берілетін жемнің 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Қазіргі таңда Келес ауданында 4 ірі шаруашылық балық шаруашылығымен айналысады.

Бүгінде облыста жоспарға сәйкес, жаңадан 28 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4 кәсіпкер үйіргелік аулада ашылып, жұмыстар жалғасып жатыр. Атап айтсақ, Бәйдібек – 3, Түлкібас – 5, Кентау – 2, Сауран – 3, Сайрам – 3, Ордабасы – 3, Жетісай – 1,Қазығұрт – 1, Төлеби – 1, Шардара – 6. Сонымен қатар балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын өткізген. Оның ішінде 4 шаруашылыққа 1,6 млрд. теңге несие беру қарастырылып жатыр. 

Жалпы облыста қуаттылығы жылына 15 мың тоннаға жететін 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Атап өтсек, Шардара ауданы – «Хамит» АӨК, ЖК «Жалғасбаев», «Шардара балық – 1» ЖШС, «Саодат» ЖШС, «Бәйтерек БММ» ЖШС, Сайрам ауданы – «Көмеш балық» ЖШС, Түлкібас ауданы – «First Fish Company» ЖШС.

Райс Тастанов,

Келес ауданындағы шаруа қожалық басшысы


«Жайлы мектеп» мәселені түбегейлі шешеді
Келес: Көшелер 99 пайыз жөндеуден өтеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу