«Жайлы мектеп» мәселені түбегейлі шешеді

Oinet.kz 21-07-2023 157

11.jpg

«Жайлы мектеп» – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бақылауында тұрған жоба. Аталған жоба аясында өңірде 49 мың оқушыны қамтитын 63 мектеп салынады. Оның 29-ының құрылысы биыл басталып, 2024 жылы аяқталады. 

Ал қалған 34 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады. Бұл білім ұялары өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешуге серпін бермек. 

Аталған ауқымды құрылысқа байланысты облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ұлттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі алгоритм жасалды. Алгоритмге сәйкес облыс көлемінде арнайы жұмыс тобы құрылып, құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері, басқарма басшылары, депутаттар, білім саласы және инфрақұрылымға қатысты мекеме өкілдері енгізілді. 

Жұмысшы топтың отырысы айына кемінде 1 рет өткізіліп, өзекті мәселелер талқылануда. Әрбір білім ұясының құрылысы қатаң бақылауға алынды. Инфрақұрылымы, инженерлік жүйелері, жері, суы мен газы, электр жүйесі, жалпы әрбір өзекті мәселесін шешу жолдары жоспарланып, нақты жұмыс жүріп жатыр. Оқушылардың саны зерделеніп, қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Сонымен бірге мектептердің жобасы, қолданылатын құрылыс материалдары мен жиһаздары бойынша да ортақ стандарт қабылданған. Ол мердігерлерге ұсынылды. 

Жүйелі әрі жедел жұмыстар нәтижесінде 2023 жылы құрылысы жоспарланған 29 мектептің 19-ының жер телімдері бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер мен жобалаушы мекемелері анықталды. Ал қалған 10 мектеп бойынша «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы тарапынан сатып алу конкурсының ашылуы өткізіліп жатыр. Бұл орайда, өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын 63 мектептің құрылысына отандық материалдар қолданылады. Сонымен бірге жергілікті өндірушілерге басымдық беріледі. Әрбір мектептің құрылыс материалдары қатаң бақыланады және арнайы стандарт бекітіледі. 

Жалпы, өңірдегі 63 мектепке екі орындық 25100 парта, 50200 орындық, ұстаздарға арналған 2470 үстел, 2550 кресло, лаборанттарға арналған 3012 үстел, 6034 орындық алу жоспарланған. Шкафтар, асханаға қажетті үстелдер мен орындықтар, тақталар, кеңсе орындықтары және өзге де жиһаздар қажет. Осы қажеттілікті өтеу үшін Түркістан облысы әкімдігінің осы салаға жауапты басқармалары облыстағы және республиканың өзге өңірлеріндегі отандық компаниялармен келіссөздер жүргізіп, алдын ала меморандумдар жасамақ. Бұл бағаның қымбаттауының алдын алуға да мүмкіндік береді. Қажетті жиһаз көлемі ауқымды болуына байланысты Түркістан облысында жиһаз шығаратын кәсіпорын ашылып жатыр. 

Бауыржан Ахметов,

Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары


Құрылыста жергілікті материалдарға басымдық беріледі
Келесте балық етін өндіретін ірі жоба іске асуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу