Құрылыста жергілікті материалдарға басымдық беріледі
Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын 63 мектептің құрылысына отандық материалдар қолданылады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен бірге жергілікті өндірушілерге басымдық беріледі. Әрбір мектептің құрылыс материалдары қатаң бақыланады және арнайы стандарт бекітіледі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістандағы №28 мектеп-лицейінде ұйымдастырылған көрмеге арнайы барып, «Жайлы мектеп» жобасына қолданылатын құрылыс материалдары мен мектеп жиһаздарының жобаларымен танысты.
– «Жайлы мектеп» – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бақылауында тұрған жоба. Әрбір мектептің құрылысы өте сапалы әрі жоспарға сай салынуы тиіс. Өңірде ұлттық жобаны жүзеге асыру бағытында жұмыс тобына әр мектептің құрылысын мұқият қадағалауды тапсырамын. Балаларымыздың алаңсыз білім алуына, ұстаздарымыздың жоғары деңгейде жұмыс істеуіне жағдай жасалуы қажет. Оған мүмкіндік те, жағдай да бар. Облыстың жиһаз және құрылыс материалдарын шығаратын компанияларына, жұмысшыларына басымдық берілуі тиіс. Олардың әлеуеті жетпесе, қосымша өзге өңірлердегі отандық өндірушілермен келісім жасалып, жобалар өз мерзімінде жүзеге асуы керек, – деген Дархан Сатыбалды құрылыс материалдары мен мектеп жиһаздарын өндіретін компания өкілдерімен кездесті. Ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады.
Көрмеде мектептерге қажетті жиһаздар, мектеп құрысымына қолданылатын материалдар туралы мағлұмат берілді. Білім ұяларының іргетасынан бастап, шатырына дейін қолданылатын материалдар ұсынылды. Барлық білім ұясына арнайы стандарт бекітілетіні, мердігерлер сол ережеге сай жұмыс істейтіні айтылды. Мектеп директорлары мен білім сарапшыларына Түркістан облысының және өзге өңірлердің жиһаз шығаратын компаниялары өз өнімдерін ұсынды.
Жалпы, өңірдегі 63 мектепке екі орындық 25100 парта, 50200 орындық, ұстаздарға арналған 2470 үстел, 2550 кресло, лаборанттарға арналған 3012 үстел, 6034 орындық алу жоспарланған. Шкафтар, асханаға қажетті үстелдер мен орындықтар, тақталар, кеңсе орындықтары және өзге де жиһаздар қажет. Осы қажеттілікті өтеу үшін Түркістан облысы әкімдігінің осы салаға жауапты басқармалары облыстағы және республиканың өзге өңірлеріндегі отандық компаниялармен келіссөздер жүргізіп, алдын ала меморандумдар жасамақ. Бұл бағаның қымбаттауының алдын алуға да мүмкіндік береді. Қажетті жиһаз көлемі ауқымды болуына байланысты Түркістан облысында жиһаз шығаратын кәсіпорын ашылуда.
«Жайлы мектеп» бойынша салынатын 63 мектептің 29-ының құрылысы биыл басталып, 2024 жылы аяқталады. Ал қалған 34 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады. Құрылысы биыл басталатын мектептерге жауапты директорлар бекітіліп, олар құрылысты соңына дейін қадағалайды. Барлық мектеп салынатын орындар анықталып, жері бөлінген. Аталған ауқымды құрылысқа байланысты облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ұлттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі алгоритм жасалды. Алгоритмге сәйкес облыс көлемінде арнайы жұмыс тобы құрылып, құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері, «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының өкілдері, басқарма басшылары, депутаттар, білім саласы және инфрақұрылымға қатысты мекеме өкілдері енгізілді. Жұмысшы топтың отырысы айына кемінде 1 рет өткізіліп, өзекті мәселелер талқылануда. Әрбір білім ұясының құрылысы қатаң бақылауға алынған.
Инфрақұрылымы, инженерлік жүйелері, жері, суы мен газы, электр жүйесі, жалпы әрбір өзекті мәселесін шешу жолдары жоспарланып, нақты жұмыс жүріп жатыр. Оқушылардың саны зерделеніп, қауіпсіздігі де басты назарға алынған.