«Ауыл аманаты»: Мақсат-жұмыссыздықты азайту
Жуырда Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Қызылқия ауылы округіне қарасты Мәдениет үйінде ауылдың жеке кәсіпкерлері мен тұрғындарымен кездесу жиналысы өтіп, онда «Ауыл аманаты» бағдарламасының пилоттық жобасы бойынша Қазығұрт ауданында іске асырылып жатқан жұмыстардың барысы баяндалды. Бұл туралы Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиналысқа аудан әкімінің орынбасары, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары, «Атамекен» ҰКП-ның аудандық филиалының директоры, «Түркістан» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының және «Ырыс» микроқаржы ұйымының аудандық филиалдарының өкілдері қатысты. Жиналыс барысында кәсіпкерлер, тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді.
«Ауыл аманаты» жобасы Қазақстан Республикасының Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы №1 «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Жобаның негізгі ережелері мен несие беру шарттары «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрінің 2022 жылғы 26 шілде №314 бұйрығымен бекітілген.
Бағдарламаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы республикалық бюджеттен облысқа 20,0 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінуде.
Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту болып табылады. Өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру. Ауылдық елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.