Шардара: Әкіммен кездесуде инфрақұрылым мәселесі көтерілді
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың: «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Кездесулер барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін»- деп айтылған жарлығына сәйкес Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай Алатау батыр, Ұзыната, Көксу және Қоссейіт ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алатау батырынан каналдарды бетондау мәселесі, ауыз су, қосымша балалар алаңшасын салу, перзентхана ашу, қызметтік пәтер салу, жерасты суының мәселесі, жол, мақта функтінің мәселесі, ХҚО мәселесі, Ұзыната ауылындағы ағын су каналын реттеу, ауыз су, аялдама орнату, ағын су тарифы көтерілді. Сондай-ақ, аудан әкімі Ұзыната ауылдық округі әкімдігіне арнап салынып жатқан жаңа әкімдік ғимаратының жұмысымен танысты.
Көксу ауылындағы кездесуде тұрғындар тарапынан ауыз су тапшылығы, Астана көшесіндегі газ мәселесі, жеңілдетілген дәрі-дәрмек мәселесі, ағын су қашыртқыларын тазалау, мектептерді газ көзіне қосу, Т.Айбергенов мектебін күрделі жөндеуден өткізу, екі көшеге жасанды тегіс еместік орнату, ретсіз мал өлекселерінің мәселесі, жайылымдық жерлер, Қоссейіт ауылынан орталық стадионға қоршау салу, ескі саябақтың орнын жаңғыртып ескерткіш орнату, газдандыру жобасын толықтыру, жайлы мектеп жобасы бойынша, көшелерді жарықтандыру, Әуезов көшесін жөндеу, жеңілдетілген дизель отынының мәселесі және елді мекендердегі қордаланған түйіткілді мәселелер көтерілді. Аудан басшысы округтер бойынша көтерген мәселелерге толыққанды жауап қайтарып, шешу жолдарын түсіндірді.
Сондай-ақ, кездесу барысында ауыл әкімдеріне, мемлекеттік мекемелер мен дербес бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар беріп, мәселелерді ушықтырмай дер кезінде оңтайлы шешіп отыруды тапсырды.