Келесте сервистік тәсілді енгізу жөнінде топ құрылды
Түркістан облысы Келес ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топ құрылды. Бұл туралы Келес ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған топ Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың өкімімен бекітілді. Онда аудан әкімі аппараты, аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық аурухана, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жастар ресурстық орталығы, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі, халықты жұмыспен қамту мамандары қызмет атқарады. Бұл туралы Келес ауданы әкімінің орынбасары Алмас Сексенбаевтың төрағалығымен өткен сервистік полицияның атқарған жұмыстары жайлы жиында айтылды.
Жиын барысында аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ерлан Жаппаров пен аудандық полиция бөлімінің полиция майоры Нұржас Асановтар баяндама жасады.
- Полицияның сервистік моделі– бұл билік органдарына деген сенімді арттыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полицияны қоғаммен бірлескен қызметі болып табылады. Яғни, қоғам мүшелерінің қауіпсіздік мәселелерді анықтау процесіне белсенді қатысуы болып табылады. Азаматтарды қатыстыру шеңберінде құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес кеңінен, жан-жақты қарастырылады. Бұл полиция қызметіне терең өзгерістер енгізуге әкеледі, - деді Нұржас Асанов.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары қорытындылап, қоғам мен полицияның серіктестік қарым-қатынасты нығайту жолында нақты шараларды атқаруды тапсырды. Айта кетейік, қазіргі таңда ведомствоаралық топ мүшелерімен талдау жүргізілуде, құқықбұзушылыққа ықпал ететін себептер мен жағдайлар анықталуда. Нәтижесімен осы себептер мен жағдайларды жою жөнінде құзырлы органдар мен мекемелерге ұсынымдар әзірленеді. Жолдауда айқындалған Президент тапсырмалары сапалы жүзеге асса, полицияға деген халықтың сенімі артады, полиция мен қоғам арасында серіктестік қарым-қатынас орнайды.