Келес: Коммерциялық мүліктер қайта бағалануда
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды салық түсімін ұлғайту, коммерциялық нысандарды қайта бағалаудан өткізу, олардың құжаттарын реттеуге тапсырма берген болатын. Берілген тапсырма аясында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ауыл, ауылдық округтерінің аумағында орналасқан коммерциялық нысандарға түгендеу жұмыстанын жүргізу бойынша нақты шараларды қабылдап, орындалуын өз бақылауында ұстауда. Келес аудандық кірістер басқармасының басшысы Азамат Қайыпжан осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды аудан басшысының төрағалығымен өткен жиында баяндады.
Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, басқарма басшысы коммерциялық мақсаттағы мүліктерді бағалау және жеке тұлғалардың салық берешігі туралы баяндап, нақты шараларды атқару бағытында өз ұсынысын айтты.
- Келес ауданы бойынша коммерциялық мақсаттағы мүлік саны 472-ні құраса, оның 254-де бағалау құны жоқ. Бүгінге дейін ауыл әкімдері жалпы 59 нысанды қайта бағалаудан өткізді. Бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуға тапсырма беруіңізді сұраймын, - деді Азамат Қайыпжан.
Сонымен қатар, жеке тұлғалардың салық берешегі бойынша 4 813 хабарлама таратылғанын айтып, аудан әкімі тарапынан нақты жоспарды толық орындауға мерзім берілді. Жиын барысында Жүзімдік, Бірлесу, Ошақты және Біртілек ауылдық округтеріндегі және Абай ауылындағы санитарлық-тазалық бағытында орын алып жатқан кемшіліктер талқыланып, тез арада оларды жою жөнінде тапсырма берілді. Орындалуы бақылауға алынды.