Әкіммен кездесу Жетісайда қорытындыланды
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың аудан тұрғындарымен өткізілетін есептік кездесуі бекітілген кестеге сәйкес бүгін Жетісай қаласында қорытындыланды. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудан басшысы өткен кездесуде қала тұрғындары тарапынан ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету, қаладағы аяқ жолдарды ретке келтіру, қосымша ойын алаңшаларын салу, қала сыртынан айналып өтетін айналма жол салу, аудан тарихына байланыстырып музей ашу, 80 гектарға салынған көп қабатты тұрғын үйлерді пайдалануға беру секілді 16 мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды.
Сонымен қатар, биылғы жылы Жетісай қаласының аумағын ұлғайтуға бөлінген 80 гектар аумағынан көп қабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру құрылысына 154 млн теңге, 80 гектар жер телімінің ішінен кітапхана және музей, спорт кешені құрылыстарын салу үшін жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге 1 млн теңге, Байтұрсынов көшесіндегі көп қабатты үйлердің ауласындағы дренажды іске қосу, ішкі көшелерін орта жөндеу жұмыстарын аяқтауға 109 млн теңге, Қожанов көшесіндегі орталық саябақты қайта жаңартуға 897,8 млн теңге, ойын алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 33,3 млн теңге, қаладағы кәріз жүйелеріндегі насостық станцияларын ауыстыру, қосалқы бөлшектерін алу және техникалық қызмет көрсетуге 22,3 млн теңге, Жетісай қаласын сумен жабдықтау жүйесін қайта құруға 506,8 млн теңге, ал, Қ.Аралбаев, Н.Оңдасынов, Б.Момышұлы көшелерін жарықтандыру жұмыстарына 14,8 млн теңге, қаланы ұлғайтуға бөлінген 35 гектар жер телімінің инфроқұрылымына жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге 50,2 млн теңге, М.Әуезов көшесі бойынан 3 қабатты 36 пәтерлі тұрғын үй құрылысына, тұрғын үйдің ауласын абаттандыруға жобалау сметалық құжаттар әзірлеуге 8,8 млн теңге, Жетісай қаласының жерасты және жер үсті коммуникацияларын түгендеу жұмыстарына 66,6 млн теңге бөлінгеніне тоқталды.
«2023-2024 жылдарға Жетісай қаласы аумағында ұлғайтылған 35 гектар жер телімінен 1500 орындық, 2024-2025 жылдарға ұлғайтуға бөлінген 80 гектар жер телімінен 900 орындық «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп құрылысын жүргізу жоспарлануда. Дайрашев көшесі бойындағы 300 орындық Тұран мектеп-гимназиясының құрылысы жүргізілуде. Мектеп құрылысына 907,3 млн теңге, орталық саябақ жанынан дене шынықтыру кешенін салуға 1 млрд теңге бөлінді. Қаладағы 24 көшені орта жөндеуден өткізуге 197,9 млн теңге беріліп отыр. Қаламызды көркейту біздің басты назарымызда тұрған мәселе. Оны сіздер күнделікті атқарылып жатқан жұмыстардан да байқап отырған боларсыздар» деді Серік Үсенұлы.
Негізгі баяндамадан соң қала тұрғындарымен еркін форматта пікір алмасып, жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Айтылған өтініштер хаттамаға енгізіліп, жауапты сала мамандарына тапсырмалар берілді.