«Ашық әкімдікте» өзекті мәселелер талқыланады
Түркістан облысының «Ашық әкімдік» кеңсесі – өңір тұрғындары мен басшылар арасында өзара диалог жүргізу және мәселелерді талқылау алаңы. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев аталған орталықта кезекті онлайн-офлайн форматтағы қоғамдық қабылдауын өткізді. Қабылдауға жазылған 10 азаматтың 7-еуі әкім орынбасарымен бетпе-бет кездесіп, талап-тілегін жеткізді.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қабылдау жиынында білім, спорт және туризм салаларына байланысты мәселелер көтерілді. Мәселен, Түркістан қаласының тұрғыны К.Лақбаева балабақшаны қаржыландыруға ықпал етуді сұраса, Н.Жақсыбаева мамандығы бойынша мектепке жұмысқа орналасуға ниетті. Ордабасыдан келген Д.Қалтаев білім сапасының деңгейін көтеру жайлы ұсынысын жеткізді. Талқыланған шағымдарды зерделеу және өтініш иелеріне жауап жолдау бойынша облыстық білім басқармасына тапсырма берілді.
Қазығұрттық тұрғындар спорт кешенін қаржыландыру жайын қозғады. Облыс әкімінің орынбасары бұл бағытқа байланысты «ArtSport» бағдарламасын, яғни мемлекеттік қолдауға өтінім беруді ұсынды. Осы жоба аясында ауыл балаларын спорттық секцияларға тегін қатыстыру керектігін атап өтіп, мәселені жеткізген азаматтарға көмек көрсетілетінін айтты.
Қоғамдық қабылдау барысы облыстық Бірыңғай байланыс орталығының әлеуметтік желідегі ресми парақшасы мен Б.Тәжібаевтың жеке парақшасында тікелей эфир арқылы көрсетілім түрінде жүрді. Келіп түскен барлық арыз-өтініш хаттамаға енгізіліп, шешімі азаматтарға жолданады.
– Ашық әкімдікте қоғамдық қабылдаулар тұрақты түрде өтуі тиіс. Қарапайым халықтың жеке және ортақ сұрақтары, өтініштері және шағымдарына құлақ асу керек. Қабылдауға алдын ала жазылған азаматтарды қабылдап, мәселелерін тыңдадым. Басым бөлігі тұрғылықты жері бойынша орынды әрі өзекті деп танылған проблемаларды ашып айтты. Түркістан өңірін дамытуға бағытталған ұсыныстар мен идеяларды жеке назарыма алдым. Салалық басқармалар және аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, нақты тапсырмалар жүктеп, жүзеге асырамыз. Мен ай сайын ашық форматтағы қоғамдық қабылдау өткізуді жалғастырамын, – деген Бейсен Дәулетұлы жиынды түйіндеді.