Келесте жаңа аурухана салынуда
Түркістан облысының Келес ауданында 2022-2025 жылдары жалпы құны 44,3 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба іске асырып, 1 175 адамға жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Солардың бірі – «Нұрболат» өндірістік кооперативі. Мұнда жалпы жоба құны 3,0 млрд. теңгені құрайтын «Азия Мед» медициналық орталығының құрылысы жүргізілуде. Аталған медициналық орталықтар Абай ауылының екі аумағында, Біртілек, Ошақты және Ұшқын ауылдық округтерінде бой көтермек.
Бүгінде Абай ауылы Қонаев көшесінің бойындағы «Азия Мед» медициналық орталығының құрылысы аяқталып, іске қосылды. Сонымен қатар аудан орталығында 5 блоктан тұратын орталық аурухананың құрылысы қарқын алған. Жоба толық іске асырылған соң 200 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Келес ауданында өнеркәсіпті дамыту мақсатында бірқатар жобалар қолға алынған. Атап айтқанда «Эмир-Дэмир» ЖШС Біртілек ауылдық округі аумағынан жалпы құны 300,0 млн. теңгені құрайтын 30 гектар иновациялық жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуді жоспарлауда. Аталған жоба шеңберінде 75 адам тұрақты жұмспен қамтылады. Жобаның іске асу мерзімі 2024-2025 жылдарға енгізіліп отыр.
«Умитай» шаруа қожалығы Қошқарата ауылдық округінде жалпы құны 450,0 млн.теңгені құрайтын 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңы және ет өнімдерін өңдіру цехының құрылысын бастамақ. Тағы бір кәсіпкерлер Абай ауылы аумағынан жалпы құны 200,0 млн.теңгені құрайтын қонақ үй кешенін салу бастамасын көтерді. Жобаны 2024 жылы іске қосып, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отыр.