Түркістанда кәсіпкерлікті дамытуға арналған тың жоба басталды
Түркістан облысында «Мен кәсіпкер» жобасы басталды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев айтты.
«Мен кәсіпкер» – «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жүзеге асырылып жатыр. Жоба бірнеше саланы қамтиды. Негізгі екі бағыты бар: әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы және кәсіпке бағыт.
«Мен кәсіпкер» атты біліктілікті арттыруға бағытталған бағдарламаның аясында «Бір ауыл - бір өнім» жобасы жүзеге асырылады.
Спикердің сөзінше, «Бір ауыл - бір өнім» жобасы ауылдардағы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ауыл тұрғындарын кемінде бір өнімді шығаруға үйретуді, ұйымдастыруды көздейді. Ол үшін қажетті арнайы топ мамандар біліктілік, технологиялар мен стандарттарды ауыл тұрғындарына үйретеді.
– Жапонияның халықаралық қарым-қатынас агенттігінің мамандары мен «Атамекен» мамандары бірігіп, нақты ауылдардан өнімді шығарудан бастап, сол өнімнің ішкі және сыртқы нарықта саудалануына дейін сүйемелдейді. Жобаға осы жылы тек әйел адамдар қатыса алады. Қатысу үшін әйел кәсіпкерлігін дамыту орталықтары арқылы арнайы тапсырыс беру қажет. Негізгі талабы – жергілікті шикізаттан өндірілетін тауар болуы шарт. Келіп түскен өтінімдерді арнайы сарапшы мамандар зерделеп, «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қосады. Әрі қарай бұл кәсіпкерлермен менторлар, білікті салалық мамандар, технологтар, маркетологтар өнімді өндіріп, сапасын арттырып, тиімді саудаға шығару бойынша жұмыс істейді, - дейді Асылан Сейілбекұлы.
Сонымен қатар, бұл бағдарлама аясында «Кәсіпке бағыт» жобасы да ұйымдастырылып жатыр. Осы ретте үздік деп танылған 40 жобаға қолдау көрсетіледі. Жобаның негізгі мақсаты – салалық оқытуды ұйымдастыру. Салалық оқу аудандар мен қалалардың дағдылануына сәйкес кәсіпкерлердің өтінімдері негізінде 5 негізгі бағытта жүзеге асырылады. Атап айтсақ, мал және егін шаруашылығын жүргізу, Ауылшаруашылық өнімді өңдеу мен өндірістік мини цехтарды жүргізу, сондай-ақ, қызмет көрсету және сервис.
Оқыту теориялық және практикалық негізде жүргізіледі. Сондай-ақ, шаруашылықтар мен кәсіпорындардың базасында практикалық курстар өтеді. Оқудан өткен кәсіпкерлерге 3-6 ай аралығында арнайы кәсіби кеңесші бекітіліп, алған білімді практикалық негізде қолдануға енгізуді сүйемелдейтін болады.
Оқудың бұл түріне ер кәсіпкерлер де, әйел кәсіпкерлер де қатыса алады. Жақын арада өңірдің бейімделген кәсіп түрлері айқындалып, оқуға өтінімдерді қабылдау басталады. Жобаға қызығушылық танытқан азаматтар Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының мына байланыс нөміріне хабарласуына болады. Тел.: 8(7253)35-98-98.
Одан бөлек, брифинг соңында спикер кәсіпкерлерді Түркістан қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсына қатысуға шақырды. Ол үшін ауданда орналасқан филиалдарға барып өтінім жолдау керек. Облыстық көрме-конкурс жеңімпаздары республикалық конкурсқа қатысып, жүлделі орындар алуға мүмкіндіктері бар.
Айта кетейік, өткен жылы палатаға түскен өтініштердің 96-сы оң шешімін тауып, 10 млрд теңгеден астам мүліктік құқықтар қорғалған. Ал биыл алғашқы 4 айда 38 өтінім оң шешімін тауып, 500 млн теңгеге жуық қаржы кәсіпкерлер тарапынан қорғалды.