Ордабасы: Семинарда озық технологиялар таныстырылды
Түркістан облысы Ордабасы ауданында биыл қаңтар–наурыз айларында ауылшаруашылығы саласында 7,7 млрд. теңге көлемінде өнім өндірілді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Сондай-ақ, осы жылы 70,4 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып, бүгінгі күнге жоспар 93 пайызға орындалып отыр. Бұл жайында аудан әкімі Нұрбек Бадырақов аймақтағы шаруалармен бірге өткен семинарда мәлімдеді.
Сонымен қатар, Шұбар ауылдық округіндегі «Шұбар» ӨК егістік алқабында өткен семинарда минералды және органикалық тыңайтқыштар, элиталы өнімділігі мол тұқым және ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылды. Жиында аудан әкімі агроқұрылым жетекшілері мен шаруаларға озық технологиялардың тиімділігін баяндады.
- Қазіргі таңда жерден мол әрі сапалы өнім алу үшін түрлі органикалық, минералды тыңайтқыштар қолданысқа енгізіліп жатыр. Уақытты, адами ресурстарды көп қажет етпейтін, жердің ылғалдылығын ұзақ сақтауға мүмкіндік беретін көптеген техникалар пайда болып жатыр. Өңіріміздегі бірқатар агроқұрылымдар аталған заманауи дүниелерді іс жүзінде пайдаланып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мысалы, көрмеде Еуропада шығарылған дән себетін аппаратты көрдік. Бір өзі бес түрлі қызметті атқарады. Бір күнде 50 га жерге дән себуге қауқарлы. Құрылғының бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Сонымен қатар, егістік алқапты дәрілейтін дрон 6-7 минутта 1 га алқапты дәрілеп үлгереді. Жалпы, осындай технологияларға бейімделу - бүгінгі күннің талабы. Одан бөлек, қазір әлем дайын тағамдарды тұтынуға көшіп жатыр. Бізде дайын тағам әзірлеуге қажетті өнімдерді дайындау үшін мүмкіндігіміз бар, - деді аудан әкімі.
Айта кетейік, Ордабасы ауданы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы жерлері – 218 234 гектарды құрайды. Оның ішінде егістік жерлер – 87 348 га.