Кентау: Жол жөндеу жұмыстары басталды
Елімізде 2021 жылы «Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері Ұлттық жобасы қабылданды. Ұлттық жобаны іске асырудың мақсаты базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру болып табылады. Жобадағы басты бағыттың бірі -жол инфрақұрылымының сапасын жақсарту. Түркістан облысында бұл салада бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Мәселен Кентау қаласындағы көшелерде жол жөндеу жұмыстары басталды. Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, шаһардағы Төле би және Әл-фараби көшелерінің қиылысындағы 480 м құрайтын жол көлік қатынасына қайта ашылатын болады. Қазіргі таңда, аталған көшеде қыру жұмыстары басталып кетті.
Қала әкімі Жандос Тасов сала мамандарымен бірге жол құрылысы нысандарының бірқатарын аралап, жұмыс барысын бақылады.
Сонымен қатар, қаладағы И.Тайманов, Н.Камалов, Ш.Құдайбергенов көшелерінде де қыру жұмыстары бастау алған. Қала әкімі тиісті мердігер мекемелерге жұмысты уақытылы әрі сапалы атқаруын тапсырды. Әкім әр құрылыс өзінің жеке бақылауында болатынын атап өтті.
Жалпы, биыл Кентау қаласындағы 19 көшеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселетін болады. Сондай-ақ осы жылы қаланың барлық көшелерін толық жарықтандыру жоспарланған.
Еске сала кетсек, өткен жылы Кентауда және қалаға қарасты елдімекендерде 53 көше жөндеуден өтті. Нәтижесінде қаладағы ішкі жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 86,7%-ға жетті.