Шіркейге қарсы күресті күшейту тапсырылды

Oinet.kz 16-05-2023 201

24.jpg

Шіркейге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының барысы туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында баяндалды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Сырдария өзені бойымен Көксарай су реттегіш қоймасы маңындағы орналасқан елді мекендерде шіркейлердің көбеюі соңғы бірнеше жылда қалыпты жағдайға айналған. Дезинсекция жүргізу аймақтары ретінде Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Сауран, Отырар, Шардара аудандары белгіленген. Залалсыздандырылатын аумақ көлемі – 7 713,1 га. 

Шіркейлерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Осылай деген облыс әкімі сала басшыларын қатаң сынға алды. Кемшіліктерге жол бергені үшін салаға жауапты басқарма басшысына қолданыстағы заңнама аясында тиісті шара көруді тапсырды. 

– Жыл басталмай жатып, шыбын-шіркеймен күреске сақадай сай болу қажетті сан рет ескертілді. Ерте басталып, есептеріңіз рас болса, ендеше тұрғындар тарапынан неге шағым көп? Шұғыл түрде зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинсекциялау жұмыстарын сапалы жүргізуді, оның барысын бақылауды күшейтуді тапсырамын. Мәселе қатаң бақылауда. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы апта сайын баяндалсын, – деді облыс әкімі. 

Дезинсекция шараларын және ғылыми сүйемелдеуді мердігер ЖШС «Satti Tulik» өткізуде. Биылға бұл мақсатқа 644,4 млн. теңге қаралған. Залалсыздандыру жұмыстары облыс аумағында наурыз айынан бастап жүзеге асырылуда. Ғылыми зерделеу жұмыстарына 10 адам және дезинсекция шараларына 62 техника, 77 адам тартылған.

Шіркейлердің санын азайтудың тиімді әдісі ретінде Сырдария өзеніне биологиялық препаратпен өңдеу әдісі қолданылады. Мамандардың айтуынша, бұл – Сырдария өзеннің флорасы мен фаунасына қауіп төндірмейді. Жәндіктердің санын азайтуға бағытталған. Дезинсекциялық іс-шараларды жүргізу кезінде сақтық шараларын ұстану аса маңызды.


Ордабасы: Семинарда озық технологиялар таныстырылды
«Махаббат эстафетасы» байқауы өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу