Таскешуге газ келді
Сайрам ауданындағы Таскешу ауылына газ берілді. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Бахытбек Хасанов таскешулік тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
«Тәуелсіздігіміз туын тіккен жылдардан бері елімізде, оның ішінде біздің ауданда көптеген нысандар ел игілігіне пайдалануға беріліп жатыр. Соның бір көрінісі - Таскешу ауылында жүзеге асты. Бүгін, міне, қуанышты жағдайдың куәсі болып отырмыз. Ауылға көгілдір отын беріліп жатыр», – деді Б. Хасанов.
Көгілдір отынға қол жеткізген Таскешу ауылының тұрғындары енді көмір тасып, күл шығармайтын болдық деп ризашылығылын білдірді.
Айта кетерлік жайт, «Таскешу ауылын табиғи газбен жабдықтау» нысанының құрылысы 2020 жылы басталған болатын. Қосылған үй саны – 310.
Сонымен қатар, қазіргі таңда аудандағы 6 елдімекенде газ құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Айта кетері, елімізде 2021 жылы «Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы қабылданған. Ұлттық жобаны іске асырудың мақсаты базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру болып табылады.