Түркістанда туризмнің әлеуеті артып келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Түркістан өңіріне жасаған жұмыс сапарында Түркістан қаласына ерекше мәртебе беруді тапсырған еді. Қазіргі таңда бұл бағытта тиісті жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлім етті.
– Мемлекет басшысы былтыр Түркістан облысы тұрғындарымен кездесуінде Түркістан қаласына рухани және тарихи елорда мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Президент өз сөзінде: «Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек», деген еді. Осыған орай, Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңның жобасы әзірленді», - деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Аталған заң қабылданған соң, қала әкімдігі мен мәслихатына қосымша құзыреттер берілетін болады. Бұл тұрғындардың күрделі мәселелерін тез арада шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы, сауда және қызмет көрсету сұрақтары қала деңгейінде дербес шешілетін болады.
Айта кетерлігі, таяуда Президент бастамасына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланған болатын. Бұл орайда, Түркістан облысы әкімі аппараты Түркістанға ерекше мәртебе беру жөніндегі заң жобасына бірқатар ұсыныс енгізген. Заң жобасына қатысты ұсыныстарға Түркістанның тарихи келбетін, ескерткіштерін сақтау, халықаралық туризм орталығы ретінде дамыту тармақтары енгізілген. Қазақ халқы мен Түркі елдерінің мәдени-тарихи құндылықтарына басымдық беру, мәдени-туристік жобаларды жүзеге асыру да көзделген. Сондай-ақ сәулет және қала құрылысы, транспорт және жолдар, туризмді дамыту, абаттандыру мәселелері де қаралған. Бұл бағыттағы талқылаулар мен жұмыстар жалғасады.
– Биыл киелі шаһарымызға облыс орталығы мәртебесі берілгеніне 5 жыл толып отыр. Бұл уақыт аралығында Түркістан құрылыс алаңына айналып, көз алдымызда түрленгеніне осындағы баршаңыз куәсіздер. Рухани астанамызда туризм әлеуетін арттыру бағытында тиянақты тірліктер атқарылды. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде жұмыстар әлі де жалғасып келеді. Осы өзгерістердің бел ортасында жүрген түркістандықтар үшін де мол мүмкіндіктер ашылды. Қала дамуы жаңа екпін алды. Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістан ендігі кезекте рухани астана мәртебесінде өз дамуын жалғастырады. Біз сіздермен бірге осы жарқын күндердің куәсі боламыз деп сенемін, - деді брифингте шаһар басшысы.
Түркістан қаласын Түркі әлемінің орталығына айналдыру бағытындағы жүйелі жұмыстар нәтижесінде шаһардың инвестициялық климаты жақсарып келеді. Соңғы 5 жылда қалаға тартылған инвестицияның көлемі 8,5 есеге өсіп, былтыр 304 млрд. теңгені құрады. Биыл қала экономикасына 350 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Еске сала кетсек, Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 220 мыңнан аса жуық адамға жетті.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі