Түркістан: Жолдардың сапасы артып келеді
Қазақстанда азаматтардың негізгі қызметтерге теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдай мен көлік байланысын жақсарту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» Ұлттық жобасы құрылған болатын. Осы жобаға сәйкес Түркістан қаласында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Шаһарда былтыр 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл орташа жөндеу жұмыстары 65,7 шақырымды құрайтын 48 көшеде атқарылады. Бұл туралы бүгін өткен брифингте қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлім етті.
Оның айтуынша, 2022 жылы Түркістан қаласында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 39,5%-ды (333,6 шқ.) құраса, биыл жыл қорытындысымен 47,2%-ға (399,34 шқ) жетпек.
«2022 жылы 4 нысанның құрылысы бастау алған. Олар: Ә.Жангелдин, І.Қожабаев, Қазыбек би - О.Жарылқапов көшелерінің аралығы және Қалаби көшесі. Құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол, веложол, суағар науа, көпір құрылысын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала аумағындағы топырақ жолдардың санын азайта отырып, тас төселген көшелердің саны мен сапасын арттыру мақсатында қала аумағындағы 6 секторда ақпан айынан бастап тас төсеу жұмыстары басталған болатын. Қазіргі таңда 56 шақырымды құрайтын 65 көшеде тас төсеу жұмыстары жүргізілді», - деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Сонымен қатар, 2023 жылы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша және т.б.) баратын және соларға қосалқы жатқан 43 көшеге аяқжол құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда оның 22 көшесінде құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қалған жұмыстар толығымен ІІ тоқсанда аяқталмақ.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі