Төтенше жағдай кезінде сессия онлайн режимінде өтті
Түркістан облысы Отырар аудандық мәслихатының кезекті елу төртінші сессиясы онлайн режимінде өтті. Бұл туралы аталған аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сессия төрағасы Әділжан Құртаевтың төрағалығымен өткен сессияның күн тәртібінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің 2019 жылы атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы есебі, Отырар аудандық мәслихатының 2019 жылғы 30 желтоқсандағы «2020-2022 жылдарға арналған ауылдық округтердің бюджеттері туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, Отырар аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларының 2019 жылы атқарған жұмыстары жайлы есептері туралы, Отырар ауданы әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы, Отырар аудандық мәслихатының кезекті сессиясының төрағасын сайлау туралы мәселелер қаралды. Аталған мәселелерді жан-жақты талқылап, пысықтаған соң депутаттар бірауыздан шешім қабылдады.
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты алғаш рет онлайн режимінде өткен сессияға аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов арнайы қатысып, әлемді жайлаған індетті халқымыздың сабырлықпен жеңіп шығатынына сенімі мол екенін жеткізді. Аудан басшысы өз сөзінде: «Еліміз егемендігін алған алғашқы жылдардан бері саналуан қиындықтар мен дағдарысты басынан өткеріп, ынтымақ-бірліктің арқасында еңсеріп келеді. Бүгінгі қиындықтан да аман-есен өтеміз деген ойдамын»,-дей келе депутаттық корпустың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Келесі сессияның төрағасы болып депутат Нұров Жангелді Тынысбекұлы сайланды.
Сессия жұмысын қорытындылаған аудандық мәслихаттың хатшысы Мырзахан Манапов елімізде берекелі ынтымақ пен ауызбіршілік берік сақталған жағдайда кез келген қиындықты қиналмай жеңіп шығатынымызды сөз етті.