Қайрат Сақ: «Отандық БАҚ «Қазақ» газетіндей болғанын қалаймын»

Oinet.kz 10-07-2024 3580

Қайрат Сақ – журналистика саласында өзіндік соқпағымен танылған, ұзақ жылдар шәкірт тәрбиелеп, қазақ баспасөзі тарихын тынымсыз зерттеп, Алаш қозғалысы қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын кейінгі буынға үлгі етіп жүрген алаштанушы ғалым. Бірнеше кітаптардың авторы. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Өмірбайұлымен болған бүгінгі әңгімеміз негізінен отандық БАҚ-тың өткені мен бүгіні, жалпы салалық журналистиканы дамыту және қолдау төңірегінде өрбіді. 

Screenshot_2.jpg

- «Қазақ баспасөзінің Бауыржаны» атанған Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза «Алпыс деген тал түс» деп, осы жасқа жеткендер өмір атты белестің бел ортасынан енді асқан, нағыз толысқан, нағыз шыңдалған шағы деп баға беріп еді. Сіз де асқаралы алпыс жасқа толып жатыр екенсіз. Құтты болсын, аға! Жалпы алпыстың асуына қалай жеттіңіз? Өткен кез, балалық шақ, туған жер, ауыл тіршілігі, арман қуған сәттер... Осының бәрін көз алдымыздан бір өткізіп көрсек.

- Көп рахмет, айналайын! Уақыт, шіркін, не деген жылдам десеңші? Алпыстың асуына қалай шығып кеткенімізді білмей де қалыппыз-ау!  Зу етіп өте шыққан қас-қағым сәт. Десек те, осы жасымызда көргеніміз бен түйгеніміз де аз емес екен... Түркістан облысының Төлеби ауданына қарасты Төңкеріс елдімекені – менің туған ауылым. Бала кезімізде үлкендер «Ауылымызды бауырына алып жатқан мына Алатаудан асып түссең, Қырғызстан жеріне аяқ тірейсің» деп отыратын. Бұрындары екі елдің барымташылары жылқы айдап өтетін бір аяқты жол да болған дегенді еститінбіз. Қазір ол жол ұмытылған. Десек те, ауылымыздың маңайын шекарашылар күзететіні рас, яғни, ауылымыз шекараның өтінде жатыр. Қазақ-қырғыз шекарасы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін пайда болды ғой. Әйтпесе бұрын айырқалпақты ағайындармен малшыларымыз жайлауда қатар қонып, малымыз мидай араласып жататын. Сол Төңкеріс ауылында туып-өстік. Таудың етегінде орналасқандықтан қысы қатты әрі ұзақ. Алты ай қар астында жататындықтан төңкерістіктердің қалған алты айы мал-жанға азық дайындауға арналатын. Тұрмыс талабымен жастайымыздан еңбек еміп өстік. Қиындыққа төтеп берер төзімділіктің  табиғатымызда бар екенінің сырын содан іздеген  жөн шығар, сірә.

Туған ауылымызда үш-ақ жылдық мектеп болды. Төртінші сыныпты көрші Домбырашал ауылындағы сегіз жылдық мектепте жалғастырдық. Жеті шақырым жолды күнде еңсеруге тура келетін. Бір күн жаяу, бір күн есекпен дегендей, аптаның алты күні барып-келіп, қатынап оқу оңай болған жоқ. Таң сәресінен кетіп, күн екіндісінде шаршап-шалдығып, әрең үйге жететінбіз. Тіс бастырық жасап аласың да, мал қарауға кірісесің. Ойын баласымыз ғой, мал жайғап болғаннан кейін көз байланғанша түрлі ойын ойлап тауып, әке-шешеміз үйге қуып кіргізгенге дейін асыр-салып сыртта жүретінбіз. Құдайдың құдіреті, шаршау дегенді білмеуші едік. Не деген күш-қуат дейсің, қазір ойлап отырсам... 9-10 сыныпты Ленгір қаласындағы Шоқан Уалиханов атындағы №2 орта мектепте жалғастырдым. Шындығын айтсам, оқу дегеннің не екенін осы жерде білдім. Ауылдағыдай қара жұмыс жоқ. Күні-түні кітап оқымағанда не істейсің енді? Нәтижесінде оныншы сыныпты үздіктер қатарында аяқтап, журналист болсам деген арманмен ару қала Алматыға, қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсуге аттандым. Оған себеп мектепте қабырға газетін шығарып, ара-арасында аудандық газетке хабар-ошар жариялап қоятыным арқау болды. Содан бергі қырық жылдан астам саналы ғұмырым  журналистика деген ғажап әлеммен егіз өріліп келеді екен...

- Сіздердің университет тәмамдап, үлкен өмірге жолдама алғандарыңызға да 35 жылға таяп қалыпты. Жалпы сол кезгі және бүгінгі журналистиканы салыстырып бере аласыз ба?

- Әрине. Көз алдымызда өзгеріп жатқан әлем емес пе? Ол кездегі журналистика мен бүгінгі журналистиканың айырмашылығы жер мен көктей. Оны қоғамдық-экономикалық формацияның өзгеруімен байланыстырып айтсақ, түсініктірек болады. Өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін Қазақстан  КСРО (Кеңестік социалистік республикалар одағы)  деген атын бүгінгі ұрпақ ұмытқан алып державаның құшағында тұншыққан, егемендігі шектеулі ел болатын. Бұқаралық ақпарат құралдарының бәрі КОКП (кеңес одағының коммунистік партиясы) аталатын алып партияның құзырында, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұсталатын. Басқаша айтқанда, барлық БАҚ коммунистік партияға бағынатын. Медальдың екі жағы  секілді оның да екі жағы бар екенін осы тұста айта кеткен жөн шығар. Жақсы жағы ол кездегі журналистиканың пәрменділігі өте жоғары болатын. Түсінікті тілмен айтқанда, БАҚ сынынан міндетті түрде қорытынды шығатын. Журналист сөзі жерде қалмай, тиісті партия ұйымдарында қаралып, шешімін тауып жататын. Өйткені журналист мінбер еткен БАҚ коммунистік партия органы болғандықтан онда жарық көрген әрбір сөз қатаң бақылауда ұсталушы еді. Жаман жағы да осы бақылаудан туындайтын. Партия журналистің әр қадамын бақылап, еркіндігін шектейтін. Цензура журналистің аяғына тұсау салатын. Партия тыйым салған тақырыптар жабулы қазан күйінде қалуға тиісті кезең. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақтың қордаланып қалған қасіреттерін ашып жазу – ол тұста қатаң тыйым салынған тақырыптар. Басын бәйгеге тіккен журналистер ғана оны астарлап қана жеткізумен шектелетін.

Ал қазір Қазақстан – ата-бабаларымыз аңсаған азаттыққа қол жеткізген, төрткүл дүниеге тәуелсіздігін жариялап қана қоймай, оны мойындатып келе жатқан жас мемлекет. Бір партиялық жүйеден бас тартып, демократиялық қағидаттарды ұстанған, нарықтық экономикаға көшкен елміз. Соған байланысты сан алуан БАҚ бар. Мемлекет меншігіндегілермен бәсекелесе алатын жеке меншіктегілермен қоса, партиялық, ұйымдық, ұжымдық, бизнестік мақсаттағы медиа дейсіз бе, толып жатыр. Оны аз көрсеңіз, әлеуметтік желі деген тағы бар. Не айтам, не жазам десеңіз де ерік өзіңізде. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ бір заман. Мұны жақсылыққа балаймыз ба, жамандық деп қараймыз ба, дөп басып айтудың өзі қиын. Жақсылығы да көп, жамандығы да жетіп артылады. Жамандығынан жеріп, жақсылығын еселей түссек игі. Журналистика тарихын, теориясы мен тәжірибесін зерттеуші ғалым ретінде бір айтарым, дамыған елдерде дәстүрлі БАҚ халықтың сенімін ақтап, мүддесінен шығып, әлеуметтік желіге жол бермей, аудиториясын сақтап отырса, бізде керісінше болып тұрғаны қынжылтады. Оларда дәстүрлі БАҚ – шындық алаңы, ал әлеуметтік желі – өсек-аяң алаңы деген пікір қалыптасса, бізде керісінше болып жатқаны жан ауыртады. Осыдан қорытынды шығаратын уақыт туды деп ойлаймын.

- Сіздің қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші ғалым екеніңізді жақсы білеміз. Бірнеше кітаптың авторы да атандыңыз. Әсіресе, «Қазақ» газетінің тарихын ұзақ зерттедіңіз. Ендеше алғашқы ұлттық баспасөзде көтерілген қай мәселе бүгінгі қоғамда сіз үшін әлі де өзекті болып отыр деп ойлайсыз?

- Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынша айтқанда,  кезінде қазақтың, шын мәнінде, «көзі, құлағы һәм тілі»  бола білген «Қазақ» газетінде көтерілген барлық мәселе – бүгінгі  күні де өзекті. «Алты миллион қазақтың тірі, я өлі болу мәселесі» деп көтерген жер тағдыры, «сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп ұран тастаған тіл мәселесі, «тарихы жоқ елдің өзі де жоғалуға шақ тұрады» деп ой қоздатқан тарих мәселесі, ұлттық діл мен дін мәселелері бүгінгі таңда өзекті емес деп кім айта алады? Бәрі де – өзекті.

Әсіресе, астын сызып тұрып айтуға тиісті «Қазақ» газеті көтерген айрықша бір құндылыққа арнайы тоқталғым келеді. Ол – қазақтың бірлігі мәселесі. Алаш ардақтылары неге газеттерінің атын «Қазақ» деп қойды? Ол екі мақсаттан туындаған деп тұжырым жасаймын. Біріншісі – патшалық Ресей монархиясы казак-орыстарға тартып әперген төл атымызды қайтару мақсаты. Екіншісі – ендігі жерде қазақ бір ұлт болып бірікпесе, онда ел болу арманы әдірем қалады, олай болса бір тудың астына бір жұдырық болып бірігейік деген мақсат. Осы мәселе бүгінгі таңда да өте өзекті деп білемін. Бүгінде қазақ бірміз бе? Осы сұрақ әрқайсымызды ойландыруы тиіс. Әлемнің барлық елдерінде ұлттық бірегейлік деген мәселе бар. Оны шешу – ұлттық  идеологияның маңызды бір талап-қағидасы. Бізде онымен айналысып жатқан құрылым бар ма осы? Әй, жоқ-ау! Соның салдарынан бүгінгі қазақ ала-құламыз. Қазақ тілді қазақ, орыс тілді қазақ деп бір бөлінеміз. Діншіл қазақ, дінсіз қазақ деп екі бөлінеміз. Діншіл қазақтар өз ішінде бірімен-бірі шайқасып жатқан бір заман. Ауыл қазағы һәм қала қазағы деп бөлінетіміз тағы бар. Ол аздай, енді қытай қазағы, монғол қазағы, өзбек қазағы, орыс қазағы, иран-ауған қазағы деп елге қоныс аударған қандастарымызды шеттететінді шығарып жүрміз.  Бұл – үлкен қауіп.  Одан арылатын, біртұтас ұлт болып ұйыйтын кез келгелі қашан? «Қазақ» газетінің зерттеушісі ретінде мені толғандыратын мәселенің бірі осы. «Қазақ» газетінен үлгі алып отандық БАҚ бар қазақты бір қазаққа айналдыру мақсатына жұмылуы тиіс деп санаймын.

Screenshot_3.jpg

- Бүгінгі қазақ журналистикасының бет алысына көңіліңіз тола ма? Болашақ отандық БАҚ-тың қандай болғанын қалайсыз?

- Алаш зиялыларының дүрбісімен қарасам, бүгінгі отандық БАҚ-тың тыныс-тіршілігіне көңілім толмайды. Халықтың «көзі, құлағы һәм тілі» қызметін толық атқара алмай отыр деп санаймын. Соның салдарынан аудиториясынан айырылып жатқан жайы бар. Газет-журнал оқитындар мен радио тыңдап, телеарналарды көретіндердің саны жылдан-жылға азайып бара жатыр. Оның себебін зерттеп жатпай, кінәнің бәрін оқырман, тыңдарман, көрерменге итере салу байқалады. Меніңше, кінәні басқа жақтан іздеуіміз керек сияқты. Шетелдің алпауыт трансұлттық медиа компаниялары аудитория сұранысын, қабылдау ерекшеліктері мен әсер ету тетіктерін зерттеп, зерделейтін, содан қорытынды шығарып отыратын арнайы ғылыми-зерттеу топтарын құрылымдық бөлімдері етіп ұстап, қаржыландыруын шешумен бірге құзыреттіліктерін нақтылап алған. Ал бізде аудиториясын зерттеп отырған бір БАҚ жоқ. Аудиториясы жоқ болса да, ешкім оқып, тыңдап, көрмесе де, құрылтайшы қаражатын шашып-төгіп шығып жатқан газет-журнал, радио, телеарналар бар. Мекемелер жаздырып қойғандықтан бума-бума болып келіп, ашылмаған күйінде макалатураға кетіп жатқан газеттерді көргенде осыларды шығаруға кеткен шығындардың обалы кімге деп ойлайсың. Құдды бір шіріген бай ел секілдіміз. Миллиардтаған қаражатпен шығарылып жатқан  билік пен байлық иелері туралы кітаптар мен басылымдырдың, деректі фильмдердің аудиториясы жоқтықтан архивтерге тоғытылып жатқанын көргенде жаның ашиды. Оның орнына елдің сана-сезімін, халықтың білімі мен тәрбиесін,  мәдениетін өсіретін туындылар жасалса ғой, шіркін деп ойлайсың. Қазір бізде БАҚ емес, ТАҚ (топтық ақпарат құралы) болу үрдісі белең алуда деп те жаздық. Үлгіні алыстан емес, «Қазақ» газетінен алайық, сол секілді халықтың көзі, құлағы һәм тілі болатын БАҚ жасайық деп тұжырым жасадық 1998 жылы кандидаттық диссертация қорғаған кезімізде. Құлаққа ілген билік болған жоқ. «Еститін үкімет» деп жаңа Қазақстан құрып жатырмыз ғой. Бәлкім, енді еститін шығар үнімізді. «Ештен кеш жақсы» дейді қазақ даналығы. Болашақта отандық БАҚ «Қазақ» газетіндей болғанын қалаймын.

- Ауылдан шыққан азамат ретінде аудандық мерзімдік басылымдардың бүгінгі жай-күйі туралы не айтасыз? Аудандық газеттерді сақтап қалу үшін қандай шаралар қажет?

- Интернет ғасырында планетамыздың өзі бір ауылға айналып бара жатқан жоқ па? Аудандық газеттер интернет арқасында республикаға таралу мүмкіндігіне ие болуда. Соны тиімді пайдалану керек деп ойлаймын. Аудан халқының, шын мәнінде, ауданнан шығып, қазір басқа елді-мекендерде тұратын жерлестері жаздырып алып, тұрақты оқырмандар санын еселейтін мүмкіндік бар. Елге танымал  жерлестері туралы айдар ашып та, олардың жетістіктері мен үлгі-өнегелерін көрсетіп, айтар ойлары мен берер кеңестерін жариялап отырса, байланыс жанданып, ұтыс көбейер еді.

- Журналист мамандар даярлау ісінде Еуразия Ұлттық университетінің қандай жетістіктері мен жаңалықтары бар?

- Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде 12 жыл, оның ішінде 8 жыл кафедра меңгерушісі қызметін атқарып, 2008 жылдан бері арнайы шақырумен Астанадағы маңдай алды жоғары оқу орнына айналған атақты түркітанушы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еңбек етіп келемін. Осында журналистика және саясаттану факультетінің ашылуына ұйытқы болып, 13 жылдан асты декан қызметіндемін. Келесі жылы 15 жылдық мерейлі межені атап өтетін факультетіміз аз уақытта биік белестерді бағындырып, қысқа мерзімде журналист мамандар даярлауда республикадағы бірегей орталыққа айналғанын басқа жоғары оқу орындарындағы әріптестеріміз мойындайды. Соның нақты бір дәлелі – Республикалық оқу-әдістемелік бірлестіктің «Журналистика және ақпарат» бағыты бойынша жобаларды басқару тобына жетекшілікті етуді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімімен бізге берілуі. Оның екі себебі бар. Әрине, еліміздің жетекші БАҚ-тардың Астанада шоғырлануы мен олармен тығыз байланыста дамуымыз бірінші артықшылығымыз болса, екіншіден – білім ордамыздың жеткен жетістіктерінің қомақтылығы. Факультетімізде «Қазақстан» теле-радио корпорациясы» мен «Хабар» агенттігінің арнайы аудиторияларының ашылуы, ҚР Президенті телерадио кешені сыйлаған оқу телестудиясының жұмыс істеп тұруы, «Қазақ» радиосы  сыйға тартқан радиостудия мен «Айқын» газеті жабдықтап берген арнайы аудиторияның және жақында Қазақ футбол федерациясының көмегімен ашылған Сейдахмет Бердіқұлов атындағы «Спорт журналистикасы» аудиториясының  білім алушыларымызға қызмет етіп тұруы – жетістігіміздің бір парасы. Біз заман талабына сай бәсекеге қабілетті маман даярлау ісіне әрдайым маңыз беріп келеміз. Жаңадан ашып, елімізде алғаш жүзеге асырылып жатқан білім беру бағдарламалары (БББ) – соның нақты дәлелі. Айталық, «Цифрлы медианы басқару» елімізде теңдесі жоқ білім бағдарламасы  десек, артық айтқандық болмайды. Оны университетіміздің Ақпараттық технология факультетінің IT мамандары мен Сәулет және құрылыс факультетінің дизайнер профессор-оқытушылар құрамымен бірігіп жүзеге асырудамыз. Нәтижесінде елімізде цифрлы медианы дамытатын шәкірттер шығарудамыз. Бітіруші түлектерімізді жұмыс берушілер аяғын жерге тигізбей қызметке алып жатқанының сыры сонда. Бұдан бөлек алғаш рет спорт журналистерін арнайы білім беру бағдарламасымен оқытып жатқанымызды, «Медиа өнері» БББ бойынша телевизия мен кино индустриясына продюсерлер мен сценаристер және режиссерлер дайындауды қолға алғанымызды сала мамандары қуана құптап, зор жетістік деп қабылдауда. Айта берсек, жаңалықтарымыз бен жетістіктеріміз жетіп артылады. Бәрін айтуға газеттеріңіздің көлемі көтермейді.

- Жеке шығармашылықта журналистің ұстанымы қандай болу керек? Блогер мен кәсіби журналистің аражігін ажыратып берсеңіз?

- Журналистика – мәртебелі мамандық. Халықтың көзі, құлағы һәм тілі болу – журналистің басты міндеті. Бірінші орынға ел мүддесін қойып, жеке мүддесін кейінге ысыратын жан ғана нағыз журналист бола алады. Қазақ журналистикасының бастауында тұрған Алаш зиялыларының отандық журналистика тарихында қалдырған сара жолы сол. Олар жеке мүдделерін ойлаған болса, бойларындағы тума талант, білім мен біліктерінің арқасында байлыққа малынып, шалқып өмір сүріп, ұзақ жасаған болар еді. Бірақ оған бармады. Халық қамын бірінші орынға қойды. Қоғамнан тыс өмір сүре алмайтындарын терең түсініп, қазақ қоғамын дерттен  айықтырып, бодандық қамытынан құтқаруға  бар күштерін салды. Қаймана қазағымен бірге болып, отарлық езгісінен құтқару күресінде жан пида болды. Дүниеге алданбай, халық жүрегінен орын алуға өмірлерін арнады. Қазақ жұртын азат етіп, Жапония секілді дамыған елдердің қатарына қосу  қамындағы ұлы күреске журналистиканы пайдаланды, қаламдарын қару етіп жұмсады. Сол үшін абақтыға жабылды, көп күндерін түрмеде өткізіп, ақырында атылды. Бірақ қысқа өмірлерінде мәңгілік ұмытылмайтындай із қалдырды.  Қазақ журналистикасының  абыройын асырып, туын биікте желбіреткен Алаш зиялыларының үлгі-өнегесі  журналистердің ұстанымы қандай болу керек деген сұраққа толық жауап бере алады. Блогер мен кәсіби журналистің айырмашылығы да осыдан келіп шығады. Блогер – жеке мүддесін бірінші орынға қойып, бас пайдасының жолында жүрген адам. Олар қаламдарын табыс құралы етіп пайдаланып, баю арқылы қоғамға ықпалдарын жүргізу қамындағы күрескерлер деп білемін. Ал нағыз журналистердің кімдер екенін жоғарыда талдап түсіндірген себепті қайталап жатуды артық көремін. Өкінішке қарай, қой терісін жамылған қасқырлар  бүгінгі қазақ қоғамында күн санап артып барады. Қаймана қазақ кімнің блогер, кімнің кәсіби журналист екенін ажырата алмай дал болуда. Маңдайына блогер деп жазып қоймағандықтан қарапайым халық оларды да журналистер деп қабылдап, алданып жүр. Сондайлардың кесірінен журналистиканың беделі түсіп жатқаны да шындық. Сол себепті оларды айшықтап, әшкерелеп отыратын кәсіби журналистер ұйымы болғанын қалаймын.

Screenshot_5.jpg

- Жалпы жергілікті жерден шыққан қаламгерлермен байланысыңыз қалай? Мәселен, Қазығұрт ауданының тумалары Нұрғали Ораз, Сауытбек Әбдірахман секілді қалам ұстаған зиялы қауым өкілдерімен шығармашылықта араласып тұрасыз ба?

- Журналистика және саясаттану факультетінің профессор-оқытушылар қауымы негізінен шығармашылықпен айналысатын мамандар даярлайтын болғандықтан  өнер адамдарымен, соның ішінде  сөз өнерінің көрнекті өкілдерімен тығыз байланыс орнатуы – табиғи  құбылыс. Білім алушыларымызға елімізге белгілі қаламгерлермен әртүрлі форматта жиі кездесу ұйымдастырып, шығармашылық шеберліктері мен өмірлік тәжірибелерінен үлгі-өнеге алуға үнемі мүмкіндік жасап тұрамыз. Сондай жүздесулердің сәті оңтүстік өңірінен шыққан өнер қайраткерлерімен де бірнеше рет ұйымдастырылғанын мақтаныш сезіммен айта аламын. Төлеби ауданының тумасы, елімізге белгілі жазушы-журналист, қазақ батыры Бауыржан Момышұлының үйінде тұрып, аты аңыз абыз туралы көптеген құнды шығармалар жазған қайраткер қаламгер Мамытбек Қалдыбаевпен, атақты «Нұрикамал» әнінің сөзін жазып, өзінің жан жарының жүрек сырын қызғанбай жалпақ елге жариялаған ақын апамыз Ханбибі Есенқараевамен, қазақ сатирасының сардары Көпен Әмірбекпен ұйымдастырылған кездесулер білім алушыларымыздың өмірі естерінен шықпайтын танымы мол, тағылымды кештер болғаны есіме түсіп отыр. Ал өзің сұрап отырған Қазығұрт ауданының тумалары, қазақ сөз өнерінің саңылақтары Нұрғали Ораз бен Сауытбек Әбдірахман ағаларыммен әріптеспіз десем, артық айтқандық болмайды. Нұрғали ағаны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің  кафедра меңгерушісі болып қызмет еткен кезімде студенттерге тұрақты түрде дәріс оқуға шақырып, педагогтық тәжірибе жинақтауына мүмкіндік туғызғанымды шәкірттерім ризашылық сезіммен айтып келеді. Ал Сауытбек ағамен қазір де әріптес екенімді мақтан тұтамын. Еуразия ұлттық университетіне ауысып келген замат ағаға қолқа салып, студенттерге дәріс оқуға шақырғанмын. Он бес жылға таяп қалды Саукеңмен журналистика және саясаттану факультеті «Баспасөз және баспа ісі» кафедрасының профессорлары ретінде  шығармашылық тығыз байланыста  бірге еңбек етіп келеміз. Ағаның жетпіс жылдық мерейтойын университетіміздің бас залында халықаралық конференция деңгейінде ұйымдастырып, батасын алғаным көңіл төрімде тұр. Ағалы-інілі сыйластығымыз алда да арта беретініне еш күмәнім жоқ. Осы орайда, ағамның қолынан ана тіліміздің мелекеттік мәртебесін өсіруге қосқан ерен еңбегім үшін «Тіл жанашыры» төсбелгісін алған сәт есіме түсіп отыр. Жанашыр ағаның сенімінен шыққан сәттеріміз көп болсын!

- Көңіл бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет! Алдағы істеріңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Ә.ҚОНЫСБАЙ

Адемау Толысбаева: «Еңбек адамымен диалог көбіне ресми сипатқа ғана ие»
Индустриалдық аймақ отандық өндірістің бағын ашуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу